Қазақстанда барлық мемлекеттік қызметтер AlemGPT платформасына көшіріледі
Жұлдыз ОРАЗХАН
Қазақстанда AlemGPT атты көпагентті жасанды интеллект платформасы енгізілмек, деп хабарлайды KazFace.kz.
Жаңа жүйе арқылы азаматтар мен бизнес өкілдері барлық мемлекеттік қызметтерді бір платформа аясында, толық цикл бойынша ала алады.
Бұл туралы үкімет отырысында Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары — жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев мәлімдеді. Оның айтуынша, жасанды интеллектті мемлекеттік басқару жүйесіне енгізу қызмет көрсету сапасын арттырып, азаматтар үшін процестерді анағұрлым жеңіл әрі қолжетімді етеді.
AlemGPT платформасы мемлекеттік қызметтерді диалогтық форматта алуға мүмкіндік береді. Яғни, пайдаланушы қажетті қызметті іздеу үшін бірнеше сайтты ақтармай, өз сұрауын мәтін түрінде енгізеді, ал жүйе тиісті мемлекеттік қызметтерді ұсынып, оларды онлайн рәсімдеуге бағыттайды.
Министрдің сөзінше, болашақта AlemGPT толыққанды жасанды интеллект кеңесшісіне айналып, мемлекеттік қызметтерді алу үдерісін барынша автоматтандыруды көздейді.
Бұл бастама цифрлық трансформацияны жеделдетіп, мемлекеттік қызмет көрсету саласында жаңа сапалы деңгей қалыптастыруға бағытталған.