Қазақстанда ақылы жолдармен жүру тәртібі өзгереді
Қазақстанда ақылы автомобиль жолдарымен жүру құнын төлеу тәртібін жаңарту жоспарланып отыр. Көлік жүргізушілеріне төлем жасау үшін берілетін уақыт ұзартылады. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігі жазды, деп хабарлайды KazFace.kz
Қазіргі қолданыстағы ережеге сәйкес, жүргізуші жол ақысын 7 күнтізбелік күн ішінде төлеуі тиіс. Аталған мерзімде төлем жасалмаған жағдайда, 8-күні материалдар Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне сәйкес қарау үшін көлік бақылау органдарына жолданады.
Жаңа өзгерістер аясында бұл тәртіп жеңілдетілмек. Егер жеке тұлға жол ақысын жүрген күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде төлемесе, материалдар 31-күні ғана көлік бақылау органдарына жіберіледі.
Сонымен қатар, бұрынғы тәртіпте жеке және заңды тұлғалар арасында айырмашылық болмаған болса, енді заңды тұлғалар үшін жеке төлем механизмі енгізіледі. Жаңа нормаға сәйкес, егер заңды тұлға есепті айдан кейінгі айдың 20-сына дейін төлем жасамаса, материалдар келесі күні тиісті органдарға жолданатын болады.
Министрліктің мәліметінше, бұл өзгерістер жүргізушілер үшін қолайлы жағдай жасауға, төлем жасауға берілетін уақытты кеңейтуге және объективті себептермен төлем жасалмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылу қаупін азайтуға бағытталған.