Қазақстан мектептері жаңа электронды платформаға көшуде
Жұлдыз ОРАЗХАН
Қазақстанда мектептердің цифрлық жүйесі жаңартылуда, деп хабарлайды KazFace.kz.
Бұған дейін кеңінен қолданылған Kundelik.kz платформасының орнына бірқатар өңірде BilimClass электронды жүйесі енгізіліп жатыр. Жаңа платформа 2025–2026 оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап пайдаланылуда.
BilimClass — отандық цифрлық өнім. Платформа Қазақстан заңнамасына толық сәйкес келеді, ал барлық мәліметтер ел аумағындағы серверлерде сақталады. Жүйені қолдану оқушылар, ата-аналар және мұғалімдер үшін тегін.
Жаңа платформаға көшу оқу процесіне кедергі келтірмеу үшін қысқы каникул кезінде жүзеге асырылды. Осы уақыт аралығында мұғалімдер жүйемен жұмыс істеуді меңгеріп, оқу деректерін көшіру жұмыстары жүргізілді.
BilimClass арқылы сабақ кестесін көру, үй тапсырмаларын орындау, бағалар мен сабаққа қатысуды бақылау мүмкіндігі бар. Сонымен қатар мұғалімдерге оқу жоспарын құру, оқушылармен және ата-аналармен байланыс орнату үшін ыңғайлы құралдар ұсынылған.
Қазіргі таңда жаңа жүйе еліміздің 11 өңірінде қолданысқа енгізілген. Жалпы алғанда, платформада 2,5 миллионға жуық оқушы мен 350 мыңнан астам педагог тіркелген. Алматы қаласы да осы цифрлық жаңартуға қосылған өңірлердің қатарында.
Электронды білім беру жүйесін жаңарту білім беру саласындағы деректердің қауіпсіздігін күшейтуге және оқу процесін заманауи талаптарға сай ұйымдастыруға бағытталған.