Қазақстан ұлттық спортқа 13 млрд теңге бөлді

Соңғы үш жылда Қазақстанда ұлттық спорт түрлерін дамытуға 13 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген, деп хабарлайды KazFace.kz.
Бұл туралы вице-министр Серік Жарасбаев мәжіліс отырысында айтты. Оның айтуынша, 2023 жылы – 2,28 млрд теңге (1,5 млрд – жергілікті, 780 млн – республикалық бюджеттен), 2024 жылы – 4,7 млрд теңге (3,1 млрд – жергілікті, 1,6 млрд – республикалық), 2025 жылға жоспар – 6 млрд теңге (4,8 млрд – жергілікті, 1,2 млрд – республикалық) бюджеттен бөлінген.
Қаржы негізінен Ұлттық және ат спорты орталығының жұмысына бағытталған.
Жалпы 11 ұлттық спорт түрі тіркелген. Олар асық ату, аударыспақ, бәйге, садақ ату, жамбы ату, жекпе-жек, көкпар, қазақ күресі, құсбегілік, теңге ілу, тоғызқұмалақ.
Бүгінде 660 мың адам ұлттық спортпен тұрақты шұғылданады. 1700 жаттықтырушы еңбек етеді, оның 1000-ы ауылда.
2024 жылы Астанада өткен V Көшпенділер ойындарына 89 елден спортшылар қатысып, 97 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Қазақстан атынан 261 спортшы өнер көрсетті.