Қазақстан ғарыш саласын дамытуға 100 миллион юань грант алды
Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Саммит аясында Қазақстан мен Қытай ғарыш саласын дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды KazFace.kz.
Қазақстан Қытай халық республикасынан ғарыш саласын дамытуға 100 миллион юань яғни (6 миллиард 499 миллион 292 мың теңге) грант алған. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәлім етті.
“Аталған қаражатты пайдалануды реттейтін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Жобалар талқылау сатысында. Есептеу астрономиясын, астрофизикадағы модельдеуді бірлесіп дамыту, ғылыми-техникалық инфрақұрылымды нығайту, Қытайда тәжірибе алмасу, оқыту және тағылымдамадан өту жоспарланып отыр”, – деді министр.
Министр екі елдің халықаралық ғылыми ай станциясын құру және пайдалану туралы меморандумға қол қойғанын айтты.
“Қазақстандық мамандар ғарышты терең зерттеуде тәжірибе жинақтайтын болады. "Ғалам" ЖШС және "В. Г. Фесенков атындағы "Астрофизика институты" ЖШС компаниялары ай телескопын жасауды жоспарлап отыр. Зерттеу нәтижелері жас мамандарымыздың математикалық модельдеу, инженерлік талдау, дәлме-дәл механика, материалтану, ғарыштық аспаптар жасау және астрофизика саласындағы білім деңгейін арттыруға ықпал ететініне сенімдіміз", – деді ол.
Еске сала кетейік, Қазақстанның төрағалымен өтіп жатқан саммитте кешеден бері бірнеше маңызды келіссөздер жүргізілуде. Соның бірі Қазақстан Республикасының үкіметі мен Қытай Халық Республикасының үкіметі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасы атап өтуге болады. Одан бөлек техника, экономика, құрылыс, білім тағы басқа салаларда ыньымақтастығын күшейтпек.