АХАТ функциялары "Азаматтарға арналған үкіметке" көшті
АХАТ (Азаматтық хал актілерін тіркеу) функциялары 1 шілдеден бастап «Азаматтарға арналған үкіметке» көшті, деп хабарлайды KazFace.kz.
Мемлекеттік корпорацияның Басқарма Төрағасы Сүйеніш Әбділдин отау құрған жас жұбайлар мен перзент сүйген ата-аналарды айтулы күндерімен құттықтады. Азаматтарға Мемлекеттік корпорацияның елтаңбалы мөрі басылған неке және баланың туу туралы куәлік табысталды. Сонымен қатар, құттықтау хаттары мен кәдесыйлар үлестірілді.
Аталмыш акция республикамыздың барлық өңірлерінде атап өтілді. Шара барасында Мемлекеттік корпорация филиалдарының директорлары қуаныш иелерін құттықтап қайтты.
1 шілде күні елімізде 76 некені тіркеу рәсімі өтті. Сондай-ақ бұл күні 600-ге жуық туу туралы куәлік берілді. Естеріңізге сала кетейік, некені тіркеу 3 874 теңгені құрайды, ал баланың тууын тіркеу тегін.