Спорт әлемі

Australian Open: әлем назары тағы да Рыбакинада

Australian Open: әлем назары тағы да Рыбакинада

Бүгін 16 қаңтар басталған Аустралия ашық біріншілігінің (Australian Open) екінші аптасы басталды. 

Ел намысын қорғауға теннисшілерімізден жасыл құрылыққа Елена Рыбакина, Александр Бублик, Юлия Путинцева, Михаил Кукушкин, Андрей Голубев, Александр Недовесов және Анна Данилина аттанған еді. Әлемнің ең мықтылары қатысып жатқан Үлкен Дулыға турнирінде қазақстандықтардан тек Уимблдон чемпионы, еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина қалды.

ФОТО: Данилина - Мирза

Ал, Юлия Путинцева жекелей сында екінші раундта Каролина Плишковадан (Чехия) 0:6, 5:7 есебімен жеңілсе, жұптық сында София Кенинмен (АҚШ) бірге ойнап алғашқы раундта-ақ жарыс жолынан шығып қалды. Қазақстан-АҚШ жұбының қарсыластары Жапония-Испания жұбы 2:6, 3:6 есеппен басып озды.

Александр Бублик жекелей сынның бірінші раундында Алехандро Давидович-Фокинадан (Испания) 0:6, 7:6 (7:3), 6:3, 4:6, 3:6 есебімен жеңілді. Жұптық сында жергілікті спортшы Джон Патрик Смитпен бақ сынап көрді. Алайда тәжірибелі Кулхоф-Скупский жұбын жеңе алмады.

ФОТО: Александр Бублик

Үздік жұптық теннисшілеріміз Голубев және Недовесов бірге турнирдің екінші кезеңінен өте алмады. Тартысты ойында Колумбиялық әріптестері Фарах-Кабал жұбынан 6:4, 3:6, 1:6 есебімен ұтылып қалды.

Тағы бір қазақстандық Анна Данилина Индия теннисшісі Сания Мирзамен жұптық сында бірге ойнап, үшінші кезеңге өте алмады. Оларға WTA250 Astana Open жеңімпазы Ван Уйтванк (Бельгия) пен Калинина (Украина) кедергі болды. 

Сондай-ақ аралас жұптық сайыста Анна Данилина Александр Недовесовпен бірге ойнаған еді. Өкінішке орай жарыстың бірінші айналымынан өте алмады. 6:2, 6:7, 7:10 есебімен Младенович (Франция) және Кабал (Колумбия) жұбына есе жіберді.

Осылайша Мельбурнда өтіп жатқан ең ірі теннис турнирлерінің бірінде жерлестерімізден тек Елена Рыбакина ғана қалды. Жұптық сында ресейлік Олимпиада чемпионы Анастасия Павлюченковамен бірге үшінші айналымға дейін жетті. Бүгін Жапония қыздары Аояма-Шибахара жұбынан ұтылып қалды (2:6, 6:7). Бұл сайыс әрине Лена үшін айтарлықтай маңызды емес еді, өйткені барлық күшті жекелей сынға қалдыру керек екенін біледі.

Айтпақшы Қазақстан-Ресей жұбы өте тәжірибелі. 2021 жылы Ролан Гаррос турнирінің жартылай финалына дейін жеткенін теннис жанкүйерлері ұмытпайды. 

Рыбакина тағы да сенсация жасай ма?

Кеше Қазақстан үміті Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы Ига Швентекті (Польша) төртінші айналымда жеңу арқылы онсыз да сенсация жасаған болатын. Бүкіл теннис қауымы таң қалды. Барлық Үлкен Дулыға турнирлері және әлемдік спорт баспалары жарыса жазды. Бұл шынымен де сенсация. Себебі былтырдан бері польшалық қызға қарсы тұрарлық қыз өте аз. 1 жылдың ішінде 8 турнир жеңген. Дәл осы Аустралия ашық біріншілігінің басты фавориті еді. 

Допты жойқын іске қосуының арқасында, сондай-ақ еш қобалжымай ойнап, салмақты мінезінің нәтижесінде біздің Лена істі екі сетте тәмамдады.

Матч соңында: "Осы жолы ата-анам және сіңілім қасымда, яғни Мельбурнда. Стадионда жерлес жанкүйерлерімді де көрдім. Барлығы қолдауда, сезіп жатырмын,"- деп, Қазақстандағы және турнирдегі қолдаушыларға алғысын білдірді.

Ленаның келесі қарсыласы Латвия теннисшісі, 2017 жылғы Ролан Гаррос чемпионы Алена Остапенко. Ширек финалға шығу үшін Алена жаңа толқын жұлдызы Коко Гауфпен ойнаған еді. Барша теннис қауымы латыш қызының бэкхандының (допты сол жақтан ұру) өте жойқын екенін біледі. Осыған дейін Рыбакина және Остапенко өзара 2 рет ойнап, оның екеуінде де Остапенко басым болған (2019 жылы Линц, 2021 жылы Истборн). Екі қыз да ірі турнирлерді жеңген, үлкен стадионда өнер көрсете алады. Алайда бұл турнирдің Үлкен Дулыға мәртебесіне ие екенін ескерген жөн. Тек физикалық дайындық емес, сондай-ақ психологиялық фактордың да әсер ететінін білген жөн.

Қазақстандық теннисшінің бірінші допты іске қосуы ойдағыдай жылдам болса, ауа-райы ыстық болып, доп тез ұшса және қарсыласының биік доптарын уақытында сапалы түрде қайтарып отырса, алынбайтын қамал жоқ. Оның үстіне Рыбакина соңғы Уимблдон чемпионы, тәжірибе жеткілікті, командасы да қасында.
Теннис сарапшылары мен букмекерлер де қазіргі рейтингке және соңғы айлардағы жетістіктеріне сәйкес қазақстандық спортшы жеңеді деп болжауда.

Еске сала кетейік, ширек финал 24 қаңтар Астана уақыты бойынша таңғы сағат 7:30- да басталады.

Авторы: Ерик ИЛЬЯСОВ