Жаңалықтар

Атырауда университет деканы 6 жыл бойы заңсыз жалақы алып келген

Атырауда университет деканы 6 жыл бойы заңсыз жалақы алып келген

Атыраудағы Халел Досмұхамедов атындағы университетінің «Экономика және құқық» факультетінің деканына жалақы 6 жыл бойы заңсыз төленіп келген, деп хабарлайды KazFace.kz.

Бұл туралы «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Facebook парақшасында жазылды.

«2017 жылдан бастап 2023 жылдың қыркүйегіне дейін декан жұмыс күндері Оңтүстік Корея, Түркия және тағы басқа шетелдерге бірнеше рет сапарға шыққан. Алайда  табельде жұмыс күндері көрсетіліп, 1 млн теңгеге жуық төлем жасалған.Осы алты жылдың 80 жұмыс күнінде іс жүзінде жұмыс орнында болмаса да, жалақы төленген», - деп жазылған парақшада.

Қызметтік тексеру кезінде осыған жол берген университеттің лауазымды тұлғалары тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ал декан қызметінен босатылып, еңбек шарты бұзылды.

Сондай-ақ, декан 1 млн теңгеге жуық ақшаны университетке қайтарды.

Университеттің баспасөз қызметі бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді.

«Бұрынғы декан ісі бойынша тексеру қорытындысында аталған қызметкерге «оның іс сапарға жоспарланған мерзімнен ерте кеткен немесе кеш келген, сонымен қатар отбасылық және денсаулық жағдайларына байланысты кейбір уақыттарда жұмыстан сұранған күндерінде де табельде есептеліп ақы төленгені» анықталды. Сондықтан, оның қызмет еткен мерзімде жұмыста болмаған күндеріне төленген жалақы толықтай университетке қайтарылды. Сонымен қатар, университет қызметтік тәртіпті бұзып, 2023 жылғы 20 қазанда декан лауазымынан босатты, ал 1 қарашадан бастап жұмыстан шығарды», - делінген хабарламада.

Олар хабарлағандай, университет бұл істегі заңсыздықты Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Атырау облысы бойынша департаменті мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ішкі аудит қызметі бірлесе тексеріс жүргізу нәтижесінде анықтады.