Жаңалықтар

Астананың жаңа ауданына Нұра атауы берілді

Астананың жаңа ауданына Нұра атауы берілді

Астана мәслихатында өткен көпшілік тыңдау  барысында елорданың жаңа ауданы атауының екі нұсқасы ұсынылды: Нұра және Қараөткел.

«Астанада бесінші аудан құрылатыны жарияланғаннан бері біз ғалымдармен, зиялы қауым өкілдерімен, аға буын өкілдермен бірнеше кездесу өткіздік. Әр түрлі тақырыптар, топонимикаға, еліміздің тарихына байланысты түрлі ұсыныстар талқыланды. Барлық ұсынысты талқылағаннан кейін біз  екі атауды ономастикалық комиссияның қарауына енгіздік. Отырыс барысында атауға қатысты ортақ пікірге, консенсусқа келдік және ортаға Ақмола және Қарағанды облыстарына ортақ өзен атының құрметіне жаңа ауданды Нұра деп атау туралы ұсыныспен келдік. Тарихта Есіл және Нұра өзендері әрқашан жұптасып жүреді. Екінші нұсқа – Қараөткел. Орта ғасырларда бұл ірі сауда орталықтарының бірі болған, «қара» сөзінің этимологиялық мағынасы – «көп, молшылық», – деді Сәкен Есіркеп жиын барысында.

Нұра атауының таңдалудағы бірден-бір себеп - қадым заманнан бері Нұра және Есіл өзендері көбіне бірге аталады. Мысалы, Инд және Ганг, Тигр және Евфрат өзендері сияқты.

«Бірақ біз сондай-ақ атауды оңай айтуға, жұртшылықтың оң қабылдауына да назар салдық. «Нұра» нұсқасы қысқа әрі түсінікті. «Қараөткел» нұсқасына келетін болсақ, олар лингвистермен кеңескен кезде қазақ грамматикасына сәйкес қатарынан екі дауысты әріп қолданылмайтынын және айтылуын қиындататынын атап өтті. Сондықтан біз «Нұра» нұсқасын ұсынамыз», - деп қорытындылады спикер.

Елордалық мәслихат хатшысы Еран Каналимов жаңа аудан әкімдігінің аппаратын құруға 390 млн теңге қарастырылғанын мәлімдеді. Аудандық құрылымдар құрылып,  Есіл ауданы әкімшілігінің штат бөлігі жаңа ауданның аппаратына ауысады. Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы Есіл ауданында қалады, деп қосты ол.