Астанада жаңа мешіт ашылды
Бүгін, қасиетті жұма күні елордасы Астана қаласында жаңадан мешіт ашылды, деп хабарлайды KazFace.kz Қазақстан мұсылмандар Діни басқармасына сілтеме жасап.
«Әл-Фаттах» атауы берілген мешітте 500 адам еркін ғибадатын өтей алады. ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажының айтуынша, мешіт беделді кәсіпкерлердің көмегімен салынған. Бірақ бас мүфти олардың есімдерін атамауды жөн көрді.
- Аллаға шүкір, елімізде, осы астанамызда мешіттеріміздің қатары көбейіп келеді. Осы мешіттің бой көтеруіне атсалысқан, ұйытқы болған арда азаматтарға Алла разы болсын! Кәсіптеріне береке, отбасыларына амандық тілеймін, - деп қысқа қайырды.
Мешітке Бас мүфти бұйрығымен елорда жамағатына жақсы таныс дін қызметкері Бағдат Абдулкаримов тағайындалды. Бұған дейін имам «әл-Ғани» мешітінде қызмет еткен.
Айта кету керек, аталған ғимарат елордада ел игілігіне берілген 15-ші мешіт.