Астанада ірі құрылыс алаяқтығы әшкереленді
Астанада “Qyran” тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді сату арқылы 8 млрд теңгеге жуық қаржы жымқырған құрылыс компаниясының қызметкерлеріне қатысты тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды KazFace.kz.
АФМ мәліметінше, күдіктілер сату офисінде азаматтарға жалған макеттер, техникалық құжаттар мен сенімхаттар көрсетіп, компанияның мүлікке толық құқығы бар екенін айтып сендірген. Пәтерлер мен коммерциялық нысандарды нарықтан төмен бағамен ұсынған.
Алайда олар ресми сатып алу-сату келісімшарттарының орнына тек брондау, алдын ала келісім және задаток туралы құжаттар берген. Бұл құжаттар мемлекеттік тіркеуге жатпайды және сатып алушыға меншік құқығын бермеген. Төлемдер күдіктілердің жеке шоттарына түскен, ал ТОО құжаттарында бұл операциялар көрсетілмеген.
Осылайша азаматтардан 3,8 млрд теңге жымқырылған. Сондай-ақ күдіктілер компания атынан жалған келісімшарттар жасасып, 76 объектіні сатып, қаражатты компания кассасына өткізбеген. Бұл арқылы тағы 4,1 млрд теңге ұрлаған.
Жалпы шығын 7,9 млрд теңгені құрады. Сот санкциясымен 94 пәтер, 51 паркинг орны, 8 коммерциялық нысан және бір автокөлікке тыйым салынды. Үш адам қамауға алынды.