Астана көшелерін су басты: Elorda eco system директоры қызметінен кетті
Өткен жексенбіде Астананы су басты, кәріз жүйесіне жауапты Elorda eco system директоры Тимур Шоданов қызметінен босатылды, деп хабардайды Kazface.kz. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтында мәлімдеді.
Әкімдіктің хабарлауынша, отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы мен Elorda eco system алдына жер үсті ағын суын бұруды қамтамасыз ету үшін тиісті іс-шаралар жүргізу міндеті қойылған: коллекторлар мен жаңбыр суын қабылдағыштарды тазарту, құбырларды булау, нөсерлі кәріз желісінің қуатын ұлғайту және т.б.
"2023 жылы жер үсті ағын суын бұру үшін 2,5 км магистральдық нөсер кәріз желісін салу жоспарланып отыр. Мәселен, осыған дейін 200-ден астам проблемалы учаскеде су тасқыны мәселесі шешілген болатын", - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, жексенбі, 6 тамызда елордада бұршақпен бірге қатты жаңбыр жауып, салдарынан Астана көшелерін су басқан.