Жаңалықтар

Астана күнінде мереке қалай тойлануда?

Астана күнінде мереке қалай тойлануда?

Балауса ЖАҚСЫБАЙ 

Астана күніне орай елордада 100-ге жуық түрлі іс-шара өтіп жатыр,- деп хабарлайды KazFace.kz.

Қала тұрғындары мен қонақтарына арнап концерттік бағдарламалар, фестивальдер, спорттық турнирлер мен басқа да шаралар ұйымдастырылуда. 

Қала әкімдігінің мәліметінше,6 шілде күні 15:00-де қала шетіндегі тұрғын алаптарда елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған «Астана – жүрегім» концерті өтеді. Мерекелік іс-шарада Мәди Қадыров, Гүлнұр Оразымбетова, Досымжан Таңатаров, Медет және Клара Салықовтар, Бауыржан Исаев пен қазақстандық эстраданың басқа да жұлдыздары өнер көрсетеді. Бүгін сағат 18:00-де ЭКСПО алаңында OPEN AIR ашық аспан астындағы мерекелік концерт өтеді. Іс-шарада отандық эстрада жұлдыздары Ninety one, Orda, Raim, Sadraddin, Kalifarniya, Nazima, Alpha, T'OI, Imzi, Құрмаш Махан, Jazzdauren мен басқа да әртістер өнер көрсетеді.

Сондай ақ Е.Рахмадиев атындағы амфитеатрда мемлекеттік академиялық филармония әртістерінің қатысуымен «Астана – арман қала» мерекелік концерті өтеді. Уақыты 20:00-де.

Іс-шараға белгілі өнер қайраткерлері мен эстрада жұлдыздары Майра Ілиясова, Қанат және Света Айтбаевтар, Арайлым Рақымқызы, Гүлнұр Оразымбетова, Зарина Омарова, Мұратбек Хайролда, Фарида Жолдасова, Әкімхан Мәженов, Алтыншаш Мұқатаева, DJ Dake мен ALEM заманауи би балеті қатысады.

Концерт аяқталғаннан кейін  22:15-те ASPAN дрон-шоуы жоспарланып отыр. Дрондар шоуы үшін аспанға радиомен басқарылатын 1250 аппарат іске қосылады, оның ішінде 70 аппарат – пиротехникалық дрон. Шоу демеушілік қаражат есебінен ұйымдастырылады.

Мереке күндері сағат 12:00-ден бастап қала қонақтары мен тұрғындары үшін Орталық саябақта Mereke street жазғы жобасы жұмыс істейді. Бұл – шеберлік сыныптары мен ашық аспан астындағы кинотеатры бар барлық жастағы азаматтарға арналған отбасылық демалыс фестивалі.

Мерекенің екінші күні ЭКСПО алаңында домбыра күніне арналған мерекелік шоу-концерт өтеді. Кеш қонақтары: «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблі, Made in KZ тобы, Ибрагим Ескендір, «Алтын Домбыра» балалар шығармашылық орталығы, Assyl тобы, Qalifarniya, Qanay, Ақтоты Болшова мен басқа да әртістер, – дейді әкімдік.

Елорда күніне ауқымды спорттық-бұқаралық іс-шаралар жоспарланған. Арасында ең ірілері: 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арналған «Толағай алыптар сайысы» республикалық іріктеу турнирі, ат жарысы (конкур), «Елорда Кубогы» республикалық бәйге турнирі, «Ел жүрегі – Астана!», әуесқойлар арасындағы теннис чемпионаты.Ірі іс-шаралармен қатар Байқоңыр ауданының тұрғындары арасында волейболдан турнир, «Астана сақасы» асық атудан ашық турнир (ерлер, әйелдер), мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында «Шоудаун» үстел теннисінен чемпионат, Сарыарқа ауданының тұрғындары арасында ұлттық ойын түрлері бойынша жарыстар өтеді.