Арыстанбек Мұхамедиұлының әйелі мен адвокаты парамен ұсталды
"Алтын адам шеруі" көрмесін өткізуге бөлінген қаржыны жымқырды деп сотталған экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлының әйелі мен адвокаты парамен ұсталды, деп хабарлайды KazFace.kz Антикорға сілтеме жасап.
- Жасырын іс-шаралар кешенінің нәтижелері бойынша пара беруге оқталған Мәдениет және спорт экс-министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының жұбайы әшкереленді. Cондай-ақ аталғандардың мүдделерін қорғауды жүзеге асырған адвокат алаяқтық пен пара беруге итермелеу күдігімен ұсталды, - дейді Антикор өкілі.
Арыстанбек Мұхамедиұлының қылмыстық жазасын жеңілдету және қамаудан босату үшін адвокат жұбайынан 460 000 АҚШ доллар сомасында ақшалай қаражат алды. Оны сот органдарының лауазымды адамдарына пара ретінде беруді көздеген.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің мәліметінше, экс-министрдің өкілі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал жұбайы аса ірі көлемде пара беруге оқталуы бойынша күдікті болып танылды.
Еске сала кетейік, Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен Мұхамедиұлы 8 жылға бас бостандығынан айырылды.