Арыққа құлаған баланы құтқарған мектеп оқушысы
Түркістан облысында мектеп оқушы арыққа құлаған баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды KazFace.kz. Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
"2023 жылғы 4 наурызда сағат 11:30 шамасында каналда ағып бара жатқан кішкентай баланы байқаған. Нұргелді ойланбастан мініс атынан секіріп түсіп, баланы судан алып шығады. Ес-түссіз қалған баланың аяқ-қолын қимылдатып, жасанды дем беріп, алғашқы көмек көрсеткен", - деп хабарлады ТЖ департаментінің баспасөз қызметі.
3,5 жастағы баланың өмірін құтқарып қалған жасөспірімнің есімі Нұргелді Нұрполат. Ол Мақтаарал ауданы Жамбыл ауылдық округі Кеңесшіл елді мекені Қ.Үкібаев атындағы №37 жалпы орта мектебі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 8-сынып оқушысы.
Еске сала кетейік, жуырда желіде мектеп оқушысының Түркістан облысындағы ауылдардың бірінде кішкентай балаға алғашқы медициналық көмек беріп жатқан видео тараған болатын. Үйінен қараусыз шығып кетіп, арыққа құлап ағып бара жатқан бүлдіршінді ат үстіндегі жасөспірім құтқарып қалған. Ол баланы арықтан шығарып, кейін ересектерді көмекке шақырған.