Жаңалықтар

«Арселор Миттал Теміртау» енді «Qarmet» деп аталады

«Арселор Миттал Теміртау» енді «Qarmet» деп аталады

«Арселор Миттал Теміртау» компаниясын қазақстандық инвестор сатып алды, деп хабарлайды KazFace.kz. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі үкіметте мәлімдеді. 

Министр Қанат Шарлапаевтың айтуынша, Лакшми Митталмен келісімшарт бұзылып, кәсіпорын 100 пайыз отандық кәсіпкер, «Allur group» директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьевке өтті.

Келісімге кеше қол қойылды. О баста Лакшми Миттал кәсіпорын активтерін 3,5 миллиард долларға бағалаған. Бірақ 11 раундық келіссөз нәтижесінде бағасын 286 миллион долларға түсірдік. Инвестормен келісім шартты бұзу процестерінің созылып кетуі де содан. Митталдың активтерін сатып алуға бюджет қаржысы жұмсалмаған. 286 миллион долларды Лаврентьевтің өзі берді, - деді министр.

Жаңа инвесторға Теміртаудағы кәсіпорын ғана емес, Ақтау құбыр зауыты да өтіп отыр. Өйткені ол да Арселор Миттал компаниясының құрамында болған. Сондай-ақ, Митталдың 700 миллион доллар көлеміндегі қарызын төлеу міндеттемесі де жаңа инвесторға жүктелді.

Сондай-ақ, «Арселор Миттал Теміртау» енді «Qarmet» деп аталады. Кәсіпорынға тарихи атауы Қарағанды металл, яғни, Қармет қайтарылды. Бұл ұсынысты Қанат Шарлапаев айтты. Отандық кәсіпкер болса, бірден құптады. Ол сонымен қоса, өндіріс көлемін арттырып, алдағы 4 жылда қауіпсіздікке, инфрақұрылымды жаңғыртуға 3 миллиард доллар құюды көздеп отыр. Кеншілер мен өзге де жұмысшылар алдындағы міндеттемелер сақталатынын жеткізді.

Айта кету керек, елімізде 20 жылдай кәсібін дөңгелеткен үндістандық миллиардер Лакшми Миттал соттаспау туралы келісімге қол қойған. Тіпті, қайырымдылық жасап, Қазақстан халқы қорына 16 миллиард теңге аударыпты. Бұл қаражат облыс халқының денсаулығын жақсартуға жұмсалмақ.

Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың 28 қазанында Қарағанды облысында орналасқан Костенко шахтасында жарылыс болып, өрт шыққан болатын. Болжам бойынша, лавада газ метанының жарылысы орын алған. Апат болған кезде шахтада 252 адам болған. 208 кеншіні құтқарушылар жер бетіне алып шықса, 46 адам шахтада қаза тапты.