Арман Рамазанов бюджеттен 1 млрд. теңге ұрлағаны үшін ұсталды
"Қазарнаулыэкспорт" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Арман Рамазанов ұсталды, деп хабарлайды KazFace.kz
Қаржылық моноторинг агенттігінің хабарлауынша, олар мемлекеттік қорғаныс тапсырыстарын орындау аясында бағаны көтеру арқылы әскери және әскери-техникалық мақсаттағы тауарларды (өнімдерді) сатып алу кезінде 1 млрд теңгеге жуық бюджет қаражатын ұрлады деген күдікке ілінген.
Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу басталды. ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды.
Еске сала кетейік, «Қазарнаулыэкспорт» РМК-ның мақсаты Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға, арнаулы мемлекеттік, құқық қорғау органдарына, мемлекеттік материалдық резервтерге, жұмылдыру, ғарыш қызметіне азаматтардың қорғаныс қабілетін және құқықтық тәртіпті сақтауда көмек көрсету болып табылады.