Ақтөбеде 12 жастағы қыз арықтағы суға құлап, батып кете жаздады
Ақтөбедегі «Батыс-2» ықшамауданындағы «Арбат» тұрғын үй кешені маңында арықтағы суға 12 жастағы қыз құлап, батып кете жаздады. Оны бір топ ер адам құтқарып қалды.
Бұл туралы белгілі журналист Гүлмира Әбіқай өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.
«Сабақтан келе жатып, аяғы тайып, ағын су алып кете жаздаған қыздың видеосын бәріңіз көрдіңіз бе?Сырттан көрген біздің жанымыз шығып отыр, ата-анасына сабыр тілеймін. Басында суға аққан баяғы бабканың иті ме деп ойлап қалдым. Бір жігіт, одан екеу, үшеу... аттай сегіз еркек әрең шығарды-ау. Шырқырап көмекке шақырған қыз өлді-ау деп ем, дәрігерлер құтқарыпты. Алдағы ғұмыры ұзақ, жарқын болсын! Ал, қала тұрғынына қауіп туғызып, денсаулығын құртқан әкім-қаралар жазасын алуы тиіс», - деп жазды ол.
«Батыс-2» ықшамауданындағы оқиға 31 наурыз күні даладағы қардың еруінен болған. Сол күні оқиғаға жақын маңда орналасқан фитнес-клуб қызметкерлері жаяу жүргіншілер жолы мен жол бойындағы су деңгейінің көтеріле бастағанын байқаған, деп жазады zakon.kz.
Бір кезде су тоқтамай ақты. Біз су басуы мүмкін екенін түсіндік. Клубымызда болған клиенттерімізді сыртқа шығардық. Шамамен, 10 минуттан кейін су деңгейі көтеріліп, клубты басты. Ағынның қатты болғаны соншалық, су тізеге дейін жетті. Біз ғана емес жанымыздағы көршілерге де келді. Тасқынмен күресіп, тазалық жұмыстарын жүргізіп жатқанымызда кенет жақын маңдағы көшеде бірдеңе болып жатқанын, бір әйелдің әбігерге түскенін байқадық. Анық болғандай біреу суға батып жатыр екен, - дейді клуб бапкері Алексей Ступенко.
Клубтың бапкерлері Алексей Ступенко, Альберт Дедусев, Юрий Лысенко және Евгений Зелевский көп ойланбастан суға батып бара жатқан қызға көмекке келген. Белгілі болғандай ол мектеп оқушысы екен.
Ол жердің тереңдігі 1,5 метрдей, су ағатын шұңқыр бар. Судың көптігінен арық бітеліп, құбырға сыймай тасыған. Қысым өте үлкен болды. Жоғарғы жағында жол бар, қоршау бар, бірақ екінші жағында - жоқ. Қыз мектептен келе жатып, үлкен шалшықтың шетінен айналып өткісі келді ме, әлде қарға секіргісі келді ме, біз оның арыққа құлаған сәтін көрмедік. Бірақ соңында ол судың астына түсіп кеткен. Біз дереу жүгіріп барып, көмектестік, бұл кезде оның басы ғана көрініп тұрды, - дейді Ступенко.
Алексей: «Біз оның құлап қанғанын емес, батып бара жатқанын түсіндік».
Ол бір қолымен әрең ұсталып тұрды. Сәл болғанда, ағын судың астында алып кетер еді. Төртеуміз жабылып тарта бастадық, ол кептеліп қалғандай болды. Аяғы бірдеңеге ілініп қалыпты. Қолынан тартқылап жатқанда, буындарының сықырлағанын естідік, судың қысымы өте күшті болды. Әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің өкілі полицейлер өтіп бара жатыр еді, олар да көмектеспекші болды, тұрғын үй кешенінің күзетшісі жүгіріп келіп, оны ортақ күшпен алып шықтық,- дейді ол.
Қызды алып шыққаннан кейін, жаттықтырушылар жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер тексергеннен кейін құтқарылған қыз ата-анасымен бірге үйіне жеткізілген.
Ал клуб қызметкерлері сумен күресуді әрі қарай жалғастырған, жүк тиегішпен есіктерге құм әкелуге көмектескен.
Алексейдің айтуынша, су түнгі сағат 2.00-ге дейін ағып тұрған, осы уақыт бойы жаттықтырушылар техника мен клубты су басудан қорғап, қалған суды жинап алуға атсалысқан.
Фитнес-клубтың қызметкерлері су тағы келсе, жағдай қайталануы мүмкін деп қорқады.