Ақтөбе облысының және Шымкент қаласының әкімдері ауысты
Дильназ МУРЗАГАЛИЕВА
Мемлекет басшысының жарлығымен Асхат Шахаров Ақтөбе облысының әкімі және Ғабит Сыздықбеков Шымкент қаласының әкімі лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды KazFace.kz. Ақордаға сілтеме жасап.
Асхат Шахаров 1978 жылы Орынбор облысының Ақбұлақ ауылында дүниеге келген. Қазақстан Азаматы.
1999 жылы Қазақ мемлекеттік спорт және туризм академиясын, 2002 жылы Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін "дене шынықтыру оқытушысы - спорт жаттықтырушысы", "халықаралық экономист" мамандықтары бойынша бітірген.
2013 жылы РФ президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының аспирантурасын бітірді. Экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі, еңбек сіңірген спорт шебері атағы бар.
Еңбек жолын 2000 жылы Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің спорт пәндері кафедрасының оқытушысы болып бастаған.
2004 жылдан 2013 жылға дейін Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының оқытушысы, Ақтөбе облысының олимпиадалық резервті дайындау орталығының директоры болып жұмыс істеді.
2013-2020 жылдары БҚО аудандарын басқарды. 2020-2022 жылдары - Ақтөбе қаласының әкімі болды.
2022 жылдың қараша айынан бастап президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарды.
Асхат Шахаров - дзюдо мен самбодан еңбек сіңірген спорт шебері, дзюдодан әлем чемпионатының қола жүлдегері, самбодан үш дүркін әлем чемпионы, әлем кубогының екі дүркін иегері, жастар арасында екі дүркін әлем чемпионы, Азияның үш дүркін чемпионы, Владимир Путиннің гран-при иегері, Сидней олимпиадасының қатысушысы.
Ал, Ғабит Сыздықбеков 1980 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік заң университетін, РФ СІМ дипломатиялық академиясын бітірген.
Еңбек жолын 2004 жылы Қазақстан СІМ мемлекеттік хаттама қызметінің атташесі қызметінен бастаған.
Әр жылдары СІМ Мемлекеттік хаттама қызметінің үшінші хатшысы, Қазақстан СІМ Еуропа және Америка департаментінің үшінші хатшысы, СІМ кеңсесінің баспасөз қызметінің екінші хатшысы болып жұмыс істеді.
Сондай-ақ, Сыздықбеков парламент сенатының аппаратында түрлі қызметтер атқарды, ҚР СІМ Азия және Африка департаменті басқармасының бастығы, Қазақстанның Франциядағы елшілігінің кеңесшісі болды.
2017 жылдың тамызында Қазақстан СІМ әкімшілігі және бақылау департаментінің кеңесшісі болып тағайындалды, содан кейін парламент сенаты төрағасының кеңесшісі болды, сенат аппаратының халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетімен өзара іс-қимыл бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді.
Сондай-ақ, Қазақстан СІМ ерекше тапсырмалар бойынша елшісі болып жұмыс істеді.
2019 жылдың қыркүйегінен бастап Қазақстанның Сербиядағы төтенше және өкілетті елшісі болды.
2021 жылдың шілдесінен бастап премьер-министр кеңсесі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды.