Ануар Жанғозин "Назарбаев зияткерлік мектептерінің" басқарма төрағасы болып тағайындалды
Бүгін «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Қамқоршылық кеңесінің шешімімен Басқарма Төрағасы лауазымына Ануар Жанғозин тағайындалды. Бұл туралы ол, Facebook парақшасында хабарлады.
- Бұл ұйымда 15 жыл бұрын еңбек жолымды бастап, бірегей тәжірибе алу мүмкіндігіне ие болдым. Алған білімімді кейін түрлі мекемелерде қызмет атқару барысында қолдандым. Енді Зияткерлік мектептерді одан әрі дамытуға бағытталған жұмысқа кірісіп отырмын. Әдеттегідей, атқарылып жатқан жұмыс нәтижелерімен және басқа да маңызды ақпаратпен өз парақшамда үнемі хабарлап отырамын, - деді Ануар Жанғозин.
Әнуар Жанғозин 1986 жылы дүниеге келген. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін "Математика" мамандығы бойынша және Назарбаев университетінің магистратурасын "Білім беруді басқару" мамандығы бойынша бітірген.
2008 жылдан 2011 жылға дейін "Назарбаев Зияткерлік мектептері" Әдіснамалық процесс департаментінің менеджері, директордың орынбасары болып жұмыс істеген.
2011 жылдан 2016 жылға дейін Назарбаев Зияткерлік мектебінде математика пәнінің мұғалімі, директор болып жұмыс істеген.
2017-2019 жылдары Нұр-Сұлтанда Білім басқармасының басшысы болған.
2019-2022 жылдарда ауыл мектептерін дамыту, жастар саясаты, қашықтықтан онлайн оқыту бойынша мемлекеттік және қоғамдық жобаларды жүзеге асырған.
2022 жылдың қаңтарынан «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы болған.