Әнші Кенжебек Нұрдолдай үйленбеген
Көптің көңілінен шыққан отандық ерекше әнші Кенжебек Нұрдолдай жақында шаңырақ көтерді деп әлеуметтік желі қолданушылары мен ақпараттық сайттар жарыса жазды. Бірақ KazFace.kz оның үйленбегені туралы хабарлайды.
Әнші өзінің үйленгенін кеше 6 шілдеде жоққа шығарды. Петропавл қаласында Астана күніне орай ұйымдастырылған концертте Кенжебек желідегі жазбаларға қатысты пікір білдірді:
- Соңғы кезі менің үйленуіме байланысты фейк ақпарат тарап кетті. Менің жүрегім бос. Үйленген жоқпын. Бұл кезекті бейнеклипке дайындық, - деді әнші.
Желіге тараған жазба авторлары осылайша қателікке бой алдырды. Олар Кенжебектің көзі көрмейтінін және мүгедек екенін атап өтіп, екіншіден үйлегені туралы жалған ақпарат таратты. Айта кету керек, The New York Times этика стандарттарында адамның мүгедектігіне қатысты топшылап жазуға, әрі стереотипті, стигмаға негізделген сөздерді қолдануға тыйым салынатыны айтылған. Осылайша әншіні "Незрячий певец поженился" деп журналистік этикетке қайшы жарияланған материалдар қоғамда резонанс тудырды.
Десе де, елорда күніне арналған кеште Кенжебек халыққа өзінің жаңа туындысын таныстырды. "Поцелованная богом" деп аталатын жаңа әні Қызылжарлық тыңдармандардың көңілінен шықты.
Біз әншіге шығармашылық табыстар тілейміз!