«Алтын Орданың» бұрынғы басшылары халықаралық іздеуде
Желтоқсан айының соңында базар аумағында төрт адамға іздеу салынатыны жөнінде хабарланулар ілінген. Алматы облысы Қарасай аудандық криминалдық полиция бөлімі аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деп қылмыстық топты халықаралық іздестіруге берген. Бұл ақпаратты Алматы облыстық полиция Департаменті растады.
- Криминалдық полиция қызметкерлері 1982 жылы туған Данияр Әбдіғапаровты, 1982 жылы туған Жұмадин Патовты, 1984 жылы туған Қанат Жақаевты, 1986 жылы туған Айдос Нұрқалиевті халықаралық іздеуде деп жариялады. Олар Қылмыстық кодекстің 190-бабына сәйкес «Алаяқтық» бойынша қылмыс жасады деп күдіктелуде, - деді ПД баспасөз қызметі.
Алматы облысының прокуратурасы бұл қылмыстық іс олардың бақылауында екенін айтады.
- Қазіргі уақытта жоғарыда аталған адамдарды ұстауға және оларды Қарасай аудандық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамауға алуға бағытталған жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде. Алынған нәтижелер туралы қосымша хабарланатын болады. Сонымен қатар, бұл қылмыстық іс Алматы облысы прокуратурасының бақылауында", - деп атап өтті құзіретті орган.
Күдіктілердің үстінен қылмыстық іс базар сатушыларының шағымынан кейін қозғалған. Олар бұрынғы әкімшілікке сауда орындарын алу үшін қомақты сомада қаражат берген. Алайда біраз уақыттан соң базарға жаңа басшылық келіп, адамдар сауда алаңсыз және ақшасыз қалған.