Алтай Көлгінов кішкентай қызды құтқарған азаматқа алғыс айтты
Қала әкімі Алтай Көлгінов Сәбит Шонтақбаевқа ерлігі мен батылдығы үшін алғыс айтты.
Бүгін өз өмірін қатерге тіге отырып, 8-қабаттың терезесінен үш жасар бүлдіршінді құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаевтың ерлікке пара-пар қадамына куә болдық. Ол елордаға осы жылдың мамыр айының басында Қызылордадан келген. Сәбитке осындай сәтте көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін алғыс айттым! Өз тарапымыздан Сәбиттің отбасына тиісті көмек көрсетеміз. Білімі мен тәжірибесін ескере отырып, Локомотив зауытының («Локомотив құрастыру зауыты» АҚ) директорымен Сәбитті жұмысқа орналастыру туралы келістім. Бұрын ол осы сала бойынша ҚТЖ-да жұмыс істеген, мамандығы – вагон шаруашылығы. Бұл салада тәжірибесі бар, - деп жазды А.Көлгінов.
Тағы оқыңыз: Баланы құтқарған Сәбитке Нұр-Сұлтан қаласынан үш бөлмелі пәтер беріледі
Сондай-ақ қала әкімі С. Шонтақбаевқа отбасын елордаға көшіріп әкелу туралы ұсыныс жасаған.
Сәбит зайыбымен бірге 4 бала (3 ұл, бір қыз) өсіріп отыр. Жұбайын жұмысқа тұруына, ал балаларын мектепке және балабақшаға орналастыруға көмектесеміз. Осылайша ресми түрде жұмыс істей отырып, қызметтік тұрғын үйге үміткер бола алады, сондай-ақ өзге де тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алады. Демеушілер есебінен отбасының несиесін өтеуіне көмектесеміз, ал жазғы уақытта балаларына Бурабайға жолдама береміз. Қала тұрғындарын сақтық шараларын толықтай сақтауға, балаларын қараусыз және үй терезесін ашық қалдырмауға шақырамын, - деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін С.Шонтақбаев "Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін" төсбелгісімен марапатталған болатын.