Алматылық тұрғын есірткі сатқаны үшін 10 жылға сотталды
Алматының Медеу соты есірткі таратуға келіскен жергілікті тұрғынға үкім шығарды, деп хабарлайды KazFace.kz
Алматы прокуратурасы баспасөз қызметінің сөзінше, жас жігіт ғаламтор арқылы жұмыс іздеп жүрген. Telegram-да интернет-дүкендердің біріне курьер қажет екендігі туралы хабарландыруды көріп, жұмысқа келіседі.
Жас жігіт желіде жарнама таратқан автормен байланысқа шығып, жұмысқа кіріседі.
Қызметінің есірткі тарату екендігін біле тұра жұмыстан бас тартпайды. Оған қомақты көлемде қаражат уәде етіледі. Жігіт жұмыс берушінің нұсқаулығы бойынша жалдамалы пәтерде мефедрон дайындап, өлшеп-орауды жүзеге асырады.
Көп ұзамай құқық қорғау органдары жас жігіттің қылмысын әшкерелеп, тергеу жұмыстарын бастайды. Нәтижесінде жігіттің кінәсі дәлелденіп, 10 жыл бас бостандығынан айырылады.
Алматы прокуратурасы қала тұрғындарын әлеуметтік желілердегі жарнамаға аса сақтықпен қарап, мұқият болуға шақырды.