Алматыдағы автобус апаты
Жуырда Алматыда автобус аялдамада тұрған адамдарды басып өткен видео әлеуметтік желіде кең тарап, қоғамды дүр сілкіндірді. KazFace.kz тілшісі оқиғаның мән-жайын анықтап көрді.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, қанды оқиға 22 желтоқсан күні кешкі алты шамасында Райымбек даңғылы бойында орын алған. №47 бағыттағы қоғамдық көлік жүргізушісі мен жолаушы арасында жанжал туындаған. Ашуға булыққан жолаушы жүргізуші әйелді соққыға жыққан.Салдарынан жүргізуші есінен танып, автобус бақылаудан шығып, жол жиегіндегі тұрған адамдарды қағып, төрт көлікпен соқтығысқан.
3 адам мерт болды, 4 адам ауруханада
Қатты жылдамдықпен жайпап өткен автобус соққысынан 3 адам сол жерде мерт болған. Ал, аман қалған 50 жастағы әйел жансақтау бөліміне түскен, жағдайы ауыр. Тағы бір 55 жастағы ер адам бас-ми жарақатымен нейрохирургия бөліміне жатқызылды. 36 жастағы автобус жүргізушісі де сол бөлімшеде ем қабылдап жатыр. Сондай-ақ, 15 жастағы жеткіншектің аяғына зақым келіп, гипс салынды. Бұл жөнінде қоғамдық денсаулық сақтау департаменті өкілдері хабарлады.
Мамам мектептен қашан келеді?
Ажал құшқандардың екеуі марқұм ерлі-зайыптылар Талап Қасымов пен жұбайы Гүлжахан Ырсымбаева болған. Олар мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген. Бірге жұмыс істейтін марқұмдар сол күні жұмыстан шығып, жолдың жиегінен қала сыртына жүретін көлік ұстамақ болған. Үйіне асыққан екеуі ойламаған жерден автобус астына түсіп, мерт болады. Артында шырылдап төрт баласы қалды. Балаларының ең үлкені – 23, екіншісі – 18 жаста, үшіншісі – 9 сынып оқушысы, ал кенжелерінің жасы бесте.
- «Үнемі екеуі бірге жүретін еді. Бірге оқып, бірге жұмысқа кірген. Сол күні де екеуінің ойында ештеңе жоқ, тура қосақтасып тұрған. Балалары үйде күтіп отырғанын біледі, асығып келе жатқан ғой. Жолда көлік тоқтатып тұрды. Кенжесі түсінбейді әлі, біздің келгенімізге қонақ деп жүгіріп ойнап жүр. Үлкендері болса, «Мамам мектептен қашан келеді?» деген сұрағына жауап бере алмай қынжылып жүр», - дейді марқұмдардың туысы Гүлнәр Тұрсынбекова.
Үшінші мерт болған кім?
Үшінші мерт болған Айдос Әлменбаев өзінің микроавтобусымен жеке тасымалдаумен айналысқан. Аялдама маңына бой жазуға тоқтаған екен. Автобус қатты жылдамдықпен көлігіне келіп соғылған. Марқұм сол сәтте көлігінен шыға берген бойда екі көліктің арасында қалып, мерт болады. Жалғыз асыраушыларынан айырылған әйелі жесір, үш қызы жетім қалды. Оның ең үлкені – 19-да, ортаншысы – 12, кенжесі – 4 жаста.
- «Ұлым 2 күн бұрын ғана көлігін жөндетіп, нәпақасын табуға шыққаны сол еді. Кейбіреулер ол заңсыз тоқтады деп кінәлап жатыр. Бірақ менің балам болмағанда автобус аялдамада тұрған оншақты адамды басып өтер еді. Адам шығыны бұдан да көп болар еді. Оның көлігі автобусты тоқтатты. Ұлым өз өмірін қия тұра, өзгелерді құтқарып қалды»,- дейді марқұмныңәкесі Қыдырғали Әлменбаев.
Зардап шеккен отбасылар автобус паркі «ДуманТрансКом» ЖШС келіп кешірім де сұрамады, өтемақы төлеуін талап етеміз деп ашулы.
10 жылдан бері троллейбус айдаған
Ал, автобус жүргізушісі Ермек Шүкібаева. Ол - жалғызбасты ана, 2 баласы бар. Әкесінің айтуынша, 10 жылдан бері троллейбус айдап, жуықта автобус жүргізушісі болып орналасқан.
Сол күні жолаушымен болған жанжалды желіде көбі жолақысын төлемегеннен деп топшылауда. Бірақ кейін Ермектің аудиожазбасы тарады. Онда ол жолаушы аялдамасын өткізіп алғанын айтып, дереу тоқтауға болмайтын жерде тоқтатуын талап еткенін айтады. Талабын орындамаған соң балағаттап, соққыға жыққан. Оқиға орнынан тараған видеода жолаушы ауруханада жатқан баласына асыққанын айтады.
- "Қоғамдық көлік жүргізушісін ұрған ер адам ұсталды. Оған қатысты ҚР ҚК-нің 293 бабы (бұзақылық) және ҚР ҚК-нің 351 бабы (екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан көлікті қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ететін ережелерді бұзу) бойынша қылмыстық іс тіркелді. Осы бап бойынша ол 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ұсталған адам ПД-нің уақытша ұстау изоляторына тоғытылды", - делінген қалалық полиция департаментінің хабарламасында.
Ашық дереккөздерде күдікті, яғни жолаушы туралы ақпараттар тарап жатыр. Бірақ тергеу амалдары аяқталғанша ол туралы ақпарат, тіпті суретін жариялауға болмайтынын ескертеді өкілетті орган.
Аталған апаттан кейін халық аялдаманың маңайындағы көлік торабының қауіпті екенін айтып дабыл қағуда. Қаланың сыртында тұратындар үшін қалаға қатынау қиын. Сондықтан жол жиегіне шығып, жол жөнекей көлік ұстауға мәжбүр екенін айтады.
Осы орайда қалалық әкімдіктегілер апат болған аумақтың қауіпсіздік шараларын күшейтеміз деді.
- «Қазіргі таңда «Қалқаман ықшамауданы мен №7 қалалық клиникалық ауруханасының аялдамасында және Райымбек даңғылында көлік торабын салу» жобасы әзірленуде. Көлік торабы №7 қалалық аурухана маңында қойылады. Екі блоктан тұрады және жерасты жаяу жүргіншілер өткеліне қосылған. Жолаушылар үшін екі отырғызу алаңықарастырылған. Жобалық құжаттама бүгінде мемлекеттік сраптамадан өтуде, - деді Алматы қалалық мобильдік басқармасы.
Олар бұл жоба 2024 жылы аяқталады деп сендіреді.
Қазіргі таңда қоғамда адам шығыны болмай мәселенің басы шешілмейтіндей көрінеді. Алматы көшелерінде қоғамдық көліктің қатысуымен орын алған апат алғашқысы емес. Жалпы Алматының көлік қозғалысында шешілмеген мәселе көп, тәртіп жоқ. Десе де, бұл соңғысы болар деген үміт үзілмейді.