Жаңалықтар

Алматыда хостел өртеніп, 13 адам мерт болды

Алматыда хостел өртеніп, 13 адам мерт болды

30 қарашада Алматыдағы хостелдердің бірінде өрт шықты, деп хабарлайды KazFace.kz

Төтенше жағдай қызметі кемінде 13 адам қаза тапқанын мәлімдеді.

30 қарашада сағат 5:33-те Әди Шәріпов көшесінде өрт болып жатқаны туралы хабар түсті. Өрт сөндірушілердің алғашқы тобы оқиға орнына 7 минут ішінде жетті. Олар барған кезде үш қабатты тұрғын үйдің жертөлесінің жанып жатқанын көрген. Ғимараттың бірінші қабаты мен жертөлесі хостел ретінде жабдықталған. Өртті барлау және сөндіру кезінде 13 адам өлі табылды, олардың аты-жөні анықталып жатыр. Өрт сағат 6:22-де сөндірілді. Жалпы аумағы – 30 шаршы метр, - деді Алматы қалалық төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметі.

Кейінірек өрт болған жерге барған Алматы қаласының әкімі қаза тапқан адамдар қай елдің азаматы екенін айтты.

Олардың 11-і қазақстандық, біреуі Өзбекстан азаматы, тағы біреуі Ресейдің Саха республикасынан келген, - деді Ерболат Досаев.

Өрттен зардап шеккен бірнеше адам ауруханаға түскен. Олардың біреуі газдан уланған, жағдайы орташа ауыр. 

Алмалы ауданы әкімдігінің өкілі Айдар Жақыбаевтың айтуынша, өрт шыққан кезде хостелде болғандардың көбі - студенттер, арасында медицина университетінде оқитын Үндістан, Пәкістан азаматтары.

Бірақ әкімдік хостелдің заңға қайшы жұмыс істегенін алға тартады. Мекемеде қауіпсіздік шаралары жоқ, тіпті өрт сөндіретін құрал-жабдықтар болмаған. 

Бұл хостел Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарымен студенттерді жатын орынмен қамтамасыз ету туралы меморандум жасамаған. Студенттерден осы хостелде тұратыны жөнінде өтініш түспеген, оларды бұл хостелге орналастыру бойынша жұмыстар жүргізілмеген, – деді.

Алдын ала ақпарат бойынша хостелде барлығы 72 адам болған. Алайда өрт кезінде далаға 59 адам шыққан. 

Айта кету керек, Әди Шәріпов көшесіндегі бұл үш қабатты көппәтерлі тұрғын үй 1956 жылы салынған. Оның бірінші қабаты мен жертөлесінде хостел бір жарым ай бұрын ашылған екен.

Хостел ұғымы сонау 1909 жылы Германияда енгізілген. Ағылшын тілінен аударғанда “жатақхана”. Ол саяхатшылар түнеп шығатын арзан орын. Яғни, жатын орынға ғана ақша төленеді.