Жаңалықтар

Алматыда тұрғын үйден өрт шығып, бір адам мерт болды

Алматыда тұрғын үйден өрт шығып, бір адам мерт болды

Алматы қаласындағы Ақкент шағын ауданында 16 қабатты тұрғын үйде өрт шығып, бір адам мерт болды, деп хабарлайды KazFace.kz. 

Әйел адам жоғарғы қабаттан құлап, өмірге сәйкес келмейтін көптеген жарақаттардан көз жұмған. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, барлығы 43 адам зардап шеккен, оның басым көпшілігі балалар. 

4 бала жансақтау бөлімінде жатыр, тағы төртеуі медициналық көмектен кейін амбулаторлық емдеуге жіберілді. Ал үш баланың ата-анасы ауруханаға жатқызудан бас тартты. Қалған зардап шеккендердің жағдайы тұрақты, - делінген хабарламада. 

Желіде өрт шыққан үйдің маңынан түсірілген видеолар тарады. Онда адамдар матрастар мен кілемдер жайып, 6 қабаттан секірген адамдарды қағып алып жатқандары көрінеді. 

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше өрт 17:10-да 5 қабаттан шыққан. Алдын ала болжам бойынша 5 және 6 қабат арасындағы лифт шахтасында электр кабельдері жанған. 

Өрт шыққан үйге 14 техника, 50 өрт сөндіруші мен құтқарушы жеткен. Барлығы 250-300 адам эвакуацияланған.