Жаңалықтар

Алматыда таксист Италия азаматшасын әуежайдан қонақ үйге дейін 45 мың теңгеге апарған

Алматыда таксист Италия азаматшасын әуежайдан қонақ үйге дейін 45 мың теңгеге апарған

Алматыда таксист Италия азаматшасын әуежайдан қонақ үйге дейін Т45 мыңға апарған, деп хабарлады ҚазТАГ.

«Италиядан келген қонақ Алматы әуежайынан қонақ үйге дейін 45 мың теңге төлеген», - деді көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Мадияр Айтуғанов.

Оның айтуынша, полицияның желілік бөлімшесіне Алматы әуежайынан қала тұрғыны хабарласып, Италия азаматшасын әуежайдан қонақ үйге дейін әдейі көтерілген бағамен жеткізген белгісіз такси жүргізушісіне қатысты шара қолдануларын сұраған.

«Жедел іздестіру шаралары барысында көліктегі полицейлер жеке такси жүргізушісін анықтады. Ол 48 жасар Алматы облысының тұрғыны болып шықты. Ер адам шетел азаматшасын әдейі жаңылыстырып, әуежайдан Бөгенбай батыр көшесіндегі қонақ үйге дейін жоғары баға айтқан. Ол келтірілген зиянды өтеді. Құқықбұзушы ҚР ҚӘқБ 449 бабы 1 бөлімі бойынша әкімшілік жауапқа тартылды», - деді Айтуғанов.