Алматыда “қазақстандық Робин Гуд” ісі бойынша үкім шықты
Алматыда блогер Ильяс Сәриев пен оның серіктесі Ақтоты Дүйсееваға қатысты көпшілік назарындағы қылмыстық іс бойынша үкім шықты, деп хабарлайды KazFace.kz.
“Қазақстандық Робин Гуд” аталып кеткен Сәриев 3 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Дүйсееваға 3 жыл жаза белгіленіп, Конституцияның 30 жылдығына арналған амнистия негізінде оның жазасын өтеу баласы 14 жасқа толғанға дейін кейінге қалдырылды. Ол сот залынан босатылды.
іс қалай басталған еді?
Ильяс Сәриев әлеуметтік желіде өзін халыққа көмектесетін блогер ретінде танытып, “Елге көмек” қоры арқылы түрлі акциялар ұйымдастырамын деп уәде берген. Желіде оны “қазақстандық Робин Гуд” деп атағандар да болды. Алайда бірнеше отбасы оның уәдесі орындалмағанын айтып, полицияға шағымданғаннан кейін іс қозғалды.
Ал Ақтоты Дүйсееваның турфирмасы қажылық сапарына барғысы келген адамдардан алдын ала ақша алып, ешкімді жолға шығармағаннан кейін тағы бір қылмыстық іс тіркелді.
Сөйтіп, екі эпизод біріктіріліп, барлығы 26 адам жәбірленуші деп танылды.