Алматы полициясының экс-басшысына халықаралық іздеу жарияланды
Қаңтар оқиғасы бойынша күдіктіге ілінген генерал-майор Серік Күдебаев 3 сәуірдегі сот отырысына тағы келмеді. Жетісу облыстық сотының судьясы оның үстінен халықаралық іздеу жариялады, деп хабарлайды KazFace.kz Хабар24-ке сілтеме жасап.
Ол ҚР қылмыстық кодексінің 370-бабы, 4-бөлігінің бірінші тармағы, яғни «ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтегі әрекетсіздік» бойынша күдікті деп танылған.
Күдебаев бұған дейін бірнеше рет сот отырысына денсаулық жағдайына байланысты келмеген. Соның салдарынан сот отырысы кейінге қалдырылып келген. Бірақ сот күдіктіні бүгінгі отырысқа мәжбүрлі түрде алып келуді міндеттеген. Алайда оның Қазақстанда жоқ екені мәлім болып шықты.
- Серік Күдебаевқа қатысты халықаралық іздеу жарияланғанына байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексі 146-бабы, 2-бөлігінің, 1,3,4-тармағы, 362-бабының 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс тоқтатылсын. Қылмыстық іс сотталушының іздеу жұмыстарын қадағалау үшін облыстық прокурорға қайтарылсын! - деді Жетісу облыстық сотының судьясы Әбділла Үмбетай.
Сонымен қоса, судья Күдебаев 23 наурызда Қырғызстанға өтіп, Манас әуежайы арқылы Түркияға ұшып кеткені туралы шекара қызметінің мәліметін хабарлаған. Осылайша ел арасында оның шетел асып қашып кетті деген қауөсегі расталды.
Еске сала кетейік, Серік Күдебаев Алматы облыстық полиция департаменті бастығы қызметіне 2020 жылғы қаңтарда тағайындалған. 2022 жылы 5 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "азаматтардың өміріне тікелей қауіп төнуіне байланысты" Алматы облысында төтенше жағдай жариялап, комендант сағатын енгізген. Алматы облысының коменданты болып Серік Күдебаев тағайындалған. Күдебаев облыстық полиция департаментінің бастығы қызметінен 2022 жылы 18 ақпанда босатылған.