Алматы полициясы «басы кесілген полицейлер» туралы ақпаратты жоққа шығарды
Аталған іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов қаңтар оқиғасы кезінде шерушілер "екі полицейдің басын кесті" деген ақпаратты растамады, деп жазды inbusiness.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Алматы полициясы бастығының орынбасарына “қаза болғандардың арасында басы кесілген полицейлер бар ма” деген сұрақ қойылған болатын. Рустам Әбдірахманов “алматылық полицейлер арасында ондай жағдай болған жоқ” деп қысқа жауап берді.
Кейінірек ол осы жағдайға кеңінен тоқталды.
"Ұлттық ұланға, әскерлерге, Алматы облысының полиция департаментіне және басқа да облыстық бөлімшелерге ешқандай қатысым жоқ, сондықтан барлығына түсініктеме бере алмаймын. Кеше маған Алматыда басы кесілген полицейлерге қатысты сұрақ қойылды. Алматыда қаза тапқан полицейлердің арасында басы кесілгендер жоқ, оқтан мерт болған қызметкерлер бар, Алматы полиция департаментінің үш қызметкері қайтыс болды. Сонымен қатар, қайтыс болған басқа да күш құрылымдарының қызметкерлері бар, бірақ менде олар туралы мәлімет жоқ, тергеу жүріп жатыр", - деп жауап берді полиция бастығының орынбасары.