Алматы орталық ауруханасының директоры қызметтен шеттетілді
Алматы орталық клиникалық ауруханасының директоры Нариман Табынбаев үш науқас АИТВ індетін жұқтырған соң қызметінен шеттетілді, деп хабарлайды KazFace.kz
Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шәметеков бүгін өткен брифинг барысында Орталық клиникалық аурухананың директоры қызметінен шеттетілгенін, тағы бірнеше қызметкер қызметінен босатылғанын мәлімдеді.
-Комиссияның қорытындысы негізінде қалалық аурухананың бас дәрігері Нариман Табынбаев жұмыстан шеттетілді. Бас дәрігердің эпидемиология жөніндегі орынбасары, реанимация бөлімінің меңгерушісі, аурухананың бас медбикесі және реанимация бөлімінің бас медбикесі жағымсыз себептерге байланысты жұмыстан босатылды, – деді ол.
Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша материалдар мен анықтамалар қалалық ПД-ға жолданды.
Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысының айтуынша, АИТВ-инфекциясын жұқтырған үш науқас ЖИТС орталығына тіркелген. Сонымен қатар жеке емдеу режимі бойынша антиретровирустық препараттармен қамтамасыз етілді. Оларға жергілікті бюджет есебінен барлық қажетті медициналық-психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.