Алматы маңындағы жол апатында Үндістаннан келген студенттер қаза тапты
Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Алматы облысында болған жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы салдарынан Үндістан азаматтары қаза тапты. Бұл туралы Үндістанның Астанадағы елшілігі хабарлады, деп хабарлайды KazFace.kz.
Қайғылы оқиға 6 қаңтар күні Алматы маңындағы тас жолда орын алған. Елшілік мәліметінше, автокөлікте бес Үндістан азаматы болған. Олардың төртеуі Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясының студенттері, біреуі турист. Олар Шымкенттен Алматыға қарай жол тартқан.
«Өкінішке қарай, екі адам оқиға орнында көз жұмды. Тағы үш азамат ауыр жарақат алып, қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр», делінген елшілік хабарламасында.
Үндістанның Қазақстандағы елшілігі қаза тапқан студенттердің отбасыларына және жақындарына көңіл айтты. Марқұмдар Үндістанның Раджастхан штатынан шыққан Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясының студенттері екені нақтыланды.