«Әйелдің етегіне жармасқан ынжық еркек көп» - Зейнеп Ахметова
Жазушы-этнограф, әйгілі Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова қазіргі ер адамдардың ұсақталып кеткенін тілге тиек етті. Бұл туралы ол Abai TV арнасының «Сарасөз» бағдарламасында айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
«Құдайға мың қайтара тәубе, исі қазаққа ортақ, алаштың ардақтысы атанған атаның қара шаңырағын ұстап отырмыз. Атадан қалған әдеттер, ереже мен тәртіп бізде әлі бар. Әсіресе, қарапайымдылыққа көп көңіл бөлетін. Менің бала-келінімді, немерелерімді былайғы адамдар білмейді де... Олар ешқашан «мен пәленмін» деп айтпайды. Бірде кішкентай Елжанымды ертеңшілікке киіндіріп жатқанмын. Соны көрген атам: «Баланы салақтыққа үйретіп жүрген сен екенсің ғой», - деді де, мені сағатына жұмсады. Содан соң киініп тұрған немересіне қайтадан шешінуді бұйырып, ұзын бауы бар сағатына қарап тұрды. Егер ұлым дұрыс киінбесе, қайтадан басынан бастап киінуін талап ететін. Мен сол күні олардың қанша уақытта киініп үлгергенін білмеймін. Құдайдың құдыреті сол, бүгінде біздің үйдегі ең ұқыпты адам - сол Елжан.
Қазір әйелдер алға шықты. Ез еркектер, ынжық еркектер көбейді. Әйелдің етегінен ұстайтын, солардың тапқанымен күн көретіндер көп. «Әйел базаршыл, еркек қазаншыл» деген әңгіме осыдан шығып отыр. Сонау 90-жылдары әйелдер амалсыздан ала дорба арқалап базаршылап кетті де, еркектер үйде отырып қалды. Содан көпшілігі масылдыққа үйренді. Егер ер азамат «арым жанымның садағасы» десе, қыздар келімсектерге күйеуге тимес еді, ұлдар қаңғыбас болмас еді, әйел үйден кетіп, берекесіз болмас еді...Ер азаматтар иығын көтеріп жүруі керек. Әңгіме қожайын болуда емес. Шаңырақты биік ұстау керек. Қазақта киіз үй тіккенде шаңырағын ғана еркек ұстайды да, қалған тірлігінің бәрін әйелдер атқарады. Ер адамдарға сілкіну керек. Шаңырағына, табалдырығына, отының басына ие болатындай деңгейге жету керек», - дейді Ахметова.