Жаңалықтар

Адвокат Сержан Пірәлиев жазаланады

Адвокат Сержан Пірәлиев жазаланады

Жамбыл облысында өз-өзіне қол жұмсаған сарбаздың аузынан ер адамның биоматериалдары табылды деп мәлімдеме жасаған адвокат жазаланады. 

Министрліктің мәлімдеуінше, ол аталған іс бойынша сотқа дейінгі тергеу құпиясын жария етіп, шындыққа жанаспайтын ақпарат таратты. 

- Сержан Пірәлиев өз тұжырымдары мен шындыққа сәйкес келмейтін жалған ақпаратты айтып, қылмыстық істің деректерін жария етті. Сонымен бірге ҚПК-нің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмеуге тиіс. Осыған байланысты адвокаттың қызметтік этика нормаларын бұзу фактісі бойынша материалдар қылмыстық қудалау органында белгіленген тәртіппен тіркеліп, уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы әділет министрлігіне қызметтік тергеу жүргізу үшін жолданды, - делінген хабарламада.

Адвокат аталған іс бойынша өзінің болжалды нұсқасын баспасөз конференциясында айтқан болатын. Сержан Пірәлиевтің пікірінше, марқұм сарбазға қатысты әріптестер тарапынан ұялы телефонға түсірілген сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасалған болуы мүмкін. 

Еске сала кетейік, 2022 жылдың 19 тамызында Жамбыл облысындағы "Шөлдала" шекара қызметінде 2004 жылы туған Бекбол М. ат қорадан белбеуіне асылып тұрған жерінен табылған. ІІМ Оңтүстік өңірі бойынша әскери-тергеу басқармасының Тараз бөлімі сотқа дейінгі тергеуді бастаған.