Әділет Ораз Қырғызстанда ұсталды
“Mudarabah Capital” қаржы пирамидасының ісі бойынша 2021 жылдан бері іздеуде болған Әділет Ораз Бишкекте ұсталды, деп хабарлайды KazFace.kz. Қырғызстанның ІІМ-не сілтеме жасап.
Бейнебақылау жүйесі оны іздеуде жүрген адам ретінде анықтағаны белгілі.
"2023 жылдың желтоқсан айының соңғы күндерінде камералар ҚР ҚК-нің 217-бабы "Қаржы пирамидасын құру және басқару" бойынша Алматы қаласы Медеу ауданының полиция басқармасы іздестіруге жариялаған Қазақстан Республикасының азаматы О.А. - ны тіркеді. Ұсталған О. А., Алматы қаласының тумасы қамауға алынды", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, 2021 жылдың 26 қазанында Алматыда “Mudarabah Capital” компаниясының басшысы Руслан Бурканов ұсталған. Бұл ұйым қаржы пирамидасы деп танылған, ал оны "насихаттауға" Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов және Әзімжан Саидбаев сияқты танымал вайнерлер мен блогерлер тартылған болатын.
Mudarabah Capital компаниясы халыққа "тиімді инвестицияларды" ұсынған. Ұсынылған схемада ЖШС салымшыларына мәміленің үшінші тарабы Ислам Банкі болған. Фирма салымшыларды компанияның шариғат сертификаты бар екеніне және оның барлық канондары бойынша жұмыс істейтініне сендірген.
2021 жылдың сәуірінде зардап шеккендер полицияға ұжымдық арызбен жүгінген. Жәбірленушілер саны 160 адамнан астам болған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Әділет Ораз бен Әзизжан Саидбаев қашып, халықаралық іздестіруге жарияланған болатын. Ораз 2021 жылдың 12 қарашасынан бастап қаржы пирамидасын құру және басқару туралы қылмыстық іс бойынша іздеуде болды.