Абай облысындағы мектептер миллиондаған қаржы жымқырған
Абай облысының 6 ауданында білімге бөлінген бюджет қаржысы жымқырылған, деп хабарлайды KazFace.kz.
Бұл туралы облыстық Антикор басшысының бірінші орынбасары Рүстем Тоқбергенов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында айтты.
Оның айтуынша, бюджет қаражатын ұрлау схемалары облыстың 6 ауданында анықталып, оған 3 директордың, 6 бухгалтердің және 1 экономистің қатысы бар екендігі анықталған. Олар Семей қаласында, Аягөз, Абай, Жарма, Үржар және Көкпекті аудандарында болған. Бүгінде 4 факт бойынша сотқа дейінгі тергеулер тіркелген. Келтірілген залалдың жалпы сомасы – 19,7 млн теңге.
Қылмыстық істердің бірі бойынша Жарма аудандық сотының үкімімен мектепке дейінгі мекеме бухгалтері 2,4 млн теңге мөлшерінде бюджет қаражатын иемденгені және ысырап еткені үшін кінәлі деп танылды. Бұл үшін 2,5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалып, жас баланы тәрбиелеп отыруына байланысты жазаны өтеу мерзімі 5 жылға кейінге қалдырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Талдау көрсеткендей, сыбайлас жемқорлық көріністеріне мекеме басшыларының қаржы мәселелеріндегі құқықтық сауаттылығының төмендігі де себеп болып табылады. Көбінесе қылмыстарды есепшілердің өздері жасайды. Олар басшылардың назарынан тыс мемлекеттік ақшаны басқарады.
Мәселен, Жарма ауданында білім беру ұйымының есепшісі басшысының электрондық кілті арқылы үйде жұмыс істеп, бюджет қаражатын иемденген.
Дәл осындай факт Үржар ауданында да анықталды. Онда бухгалтер 3 жыл бойы өзіне белгіленген нормадан тыс жалақыны 3,9 млн теңге көлемінде заңсыз аударып отырған.
Айта кету керек, жалпы білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлықты анықтау мақсатында Антикор мен Оқу-ағарту министрі бірігіп, білім беру ұйымдарының ұйымдастыру-басқару қызметіндегі, оның ішінде еңбекақы төлеу қоры бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға бағытталған талдау жүргізген. Нәтижесінде қылмыстардың негізгі үлесі мектеп директорлары мен есепшілеріне, балабақша меңгерушілеріне, білім басқармалары мен бөлімдерінің басшылары мен мамандарына тиесілі екені анықталған. Мұнда сыбайлас жемқорлық негізінен кадрлық мәселелерді шешу, жалақыны есептеу, жалған аттестаттар мен сертификаттар беру кезінде болған.