Ақмола облысында ауылдық медицина қалай дамуда ?

Қазақстанда соңғы жылдары ауыл медицинасына айрықша көңіл бөлініп келеді. Ел Президентінің тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шалғайдағы елді мекен тұрғындары үшін сапалы медициналық көмекті барынша жақындатуда, деп хабарлайды KazFace.kz
Ақмола облысы да бұл бастаманы белсенді қолдап отыр. Бүгінде өңір бойынша жаңа медициналық нысандардың құрылысы қарқын алған. 38 нысанның іргетасы қаланып, оның көпшілігі ел игілігіне берілді.
«Басты мақсат – ауыл тұрғындарына қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсету. Ауруларды ерте анықтап, уақытылы ем жүргізу үшін барлық жағдай жасалып жатыр», – дейді Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек.
Қазіргі таңда 32 медициналық нысанның құрылысы аяқталып, 23 нысан тұрғындарға қызмет көрсетіп отыр. Олардың қатарында Бауманское, Мәлік Ғабдуллин, Айдабул, Еркіншілік, Ключи, Тонкеріс ауылдарындағы жаңа амбулаториялар мен медициналық пункттер бар.
Ауылдық пункттермен қатар аудандық ауруханалар да жаңарып келеді. Атбасар мен Степногорск ауруханаларында күрделі жөндеу жүргізіліп, заманауи ангиографиялық және ультрадыбыстық аппараттар орнатылған. Алдағы уақытта компьютерлік томограф пен МРТ сатып алу жоспарланып отыр.
Медицинадағы күрделі мәселелердің бірі – дәрігер тапшылығы. Соңғы жылдары бұл бағытта да оң өзгеріс байқалады. Жас мамандар ауылдарға келіп, оларға тұрғын үй мен әлеуметтік көмек көрсетілуде. Мәселен, 2025 жылдың өзінде Атбасар көпсалалы ауруханасына – 12, ал Степногорск қалалық ауруханасына – 4 дәрігер келген.
«Ауылға барған әр маманды барынша қолдаймыз. Көтерме ақы, тұрғын үй, әлеуметтік көмек – мұның бәрі кадрларды тұрақтандыруға сеп болады», – дейді Нариман Ермек.
Көкшетауда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 630 орындық көпсалалы облыстық аурухана салынуда. Бұл – өңір медицинасындағы ең ірі жобалардың бірі, құны 332 миллиард теңге. Сонымен қатар, Қосшы қаласында 1000 адамға арналған емханасы бар жаңа аурухана құрылысы жүріп жатыр.
Бүгінде Ақмола облысында 560 медициналық ұйым жұмыс істейді. Онда 12 мыңнан астам дәрігер мен орта буын медицина қызметкерлері еңбек етуде.
«Ауылдық аймақтарда жаңа нысандардың ашылуы – тек ғимарат салу емес, бұл халықтың өмір сапасын жақсарту, ауыл өміріне сенім мен тұрақтылық әкелу», – дейді басқарма басшысы.
Ауыл медицинасының жаңғыруы – бұл елдің денсаулығына салынған инвестиция. Ақмолалықтар үшін сапалы медициналық көмек енді алыс емес, әр ауылдың төрінен табылуда. Ал бұл – болашақ ұрпақтың амандығы мен дені сау қоғамның кепілі.