Қоғам

2026 жылдан бастап кімдерге тегін медициналық көмек көрсетіледі

2026 жылдан бастап кімдерге тегін медициналық көмек көрсетіледі

Балауса ЖАҚСЫБАЙ 

Осы жылдан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру  жүйесіне бірқатар өзгерістер күшіне енді, деп хабарлайды KazFace.kz.

Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры хабарлады. Енді әлеуметтік маңызы бар ауруларға күдік туындаған жағдайда диагностика, бақылау және емдеу сақтандырылу мәртебесіне қарамастан Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында көрсетіледі.

ТМККК шеңберінде туберкулез, АИТВ, қатерлі ісіктер, вирустық гепатиттер мен бауыр циррозы, психикалық аурулар, сирек (орфандық) дерттер, инсульт пен инфаркт секілді бірқатар ауруларды анықтау және емдеу қолжетімді болады. Сондай-ақ скринингтік тексерулер, оның ішінде онкоскринингтер де тегін жүргізіледі.

Ал созылмалы аурулары бар, диспансерлік есепте тұрған науқастарды емдеу мен бақылау МӘМС пакеті аясында жүзеге асырылады. Бұл тізімге қант диабеті, артериялық гипертензия, жүрек аурулары, бүйрек, тыныс алу, ас қорыту және тірек-қимыл жүйесі аурулары кіреді. Пациенттер амбулаториялық және стационарлық емді, сондай-ақ дәрі-дәрмекпен қамтуды тегін алады.

Мамандардың айтуынша, бұл өзгерістер азаматтарды жоғары медициналық шығындардан қорғауға бағытталған. МӘМС жүйесіне уақтылы жарна төлеу арқылы қазақстандықтар толық медициналық қызметтер пакетін пайдалана алады.

Айта кетейік, азаматтардың басым бөлігі жеңілдікті санатқа жатады және мемлекет есебінен сақтандырылған.