Сұхбат KazFace.kz

Жүректен шыққан жылылық – ерекше балаларға нұр болады

Жүректен шыққан жылылық – ерекше балаларға нұр болады

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

Көкшетау қаласындағы №19 мектеп мұғалімі Ләззат Адылова – инклюзивті білім берудің жанашыры Көкшетау қаласындағы №19 жалпы білім беретін мектепте ерекше балаларға арналған ресурстық орталық жұмыс істейді. Бұл орталыққа қарасты арнайы сыныптар мүмкіндігі шектеулі балалардың қоғамға бейімделіп, білім алуы мен әлеуметтенуіне жол ашатын ерекше орта, деп хабарлайды KazFace.kz.

Осы бағытта табанды еңбек етіп жүрген ұстаздардың бірі  Ләззат Адылова. Ол бұл іспен төрт жылдан бері айналысып келеді. Ұстаздың айтуынша, ерекше баламен жұмыс істеу  жай ғана сабақ беру емес, ол  жүрек жылуын, сабыр мен сүйіспеншілікті қажет ететін үлкен жауапкершілік.

«Бұл сыныптағы әр баланың өзіндік ерекшелігі бар. Бірі есту қабілетімен, бірі есте сақтауымен, енді бірі мінез-құлқымен ерекшеленеді. Біздің мақсат – олардың әрқайсысына өз мүмкіндігіне қарай даму жолын ашу», – дейді Ләззат Қайратқызы.

Мұғалімнің айтуынша, алдымен диагностикалық жұмыс жүргізіледі. Әр оқушының психологиялық ерекшелігі, даму деңгейі мен қабілеті анықталып, ПМПК қорытындысына сай жеке оқу жоспары жасалады.

Осыдан кейін логопед, дефектолог, психолог мамандармен бірлесе отырып, баланың сөйлеу тілі, эмоциялық тепе-теңдігі мен мінез-құлқы бағытында жеке және топтық түзету сабақтары өтеді.

«Мысалы, логопед баланың тілін түзесе, психолог мінез-құлқын, дефектолог күнделікті тұрмысқа қажетті дағдыларды үйретеді. Біз балалардың есту, көру, ұсақ моторикасын дамытамыз. Есте сақтау қабілетін арттыру үшін ойындар мен жаттығулар өткіземіз», – дейді педагог.

Арнайы сыныптағы балалар тек білім алып қана қоймайды, күнделікті өмірге қажетті қарапайым дағдыларды да үйренеді.

Мысалы, өз заттарын ұқыптап жинау, партаны таза ұстау, сыныптастарына көмектесу, аяқ киімін дұрыс кию немесе қоқысты өз орнына тастау сияқты ұсақ әрекеттер – олардың бойында еңбек дағдыларын қалыптастырады.

Ләззат Қайратқызының айтуынша, ерекше баланың дамуында ата-анамен байланыс шешуші рөл атқарады.

«Біз әр баланың жетістігі туралы ата-анамен күн сайын хабарласып отырамыз. Егер бала математикадан ілгерілеп жатса, оны үйде де қолдап, қайталау маңызды. Мерекелік шараларды ата-аналармен бірге өткізуге тырысамыз. Олар балаларының қуанышына ортақтасқанда, бала өзінің қажет екенін сезінеді», – дейді ұстаз.

Бұл сыныптың оқушылары да мектеп өмірінен шет қалмайды. Олар да сурет, қолөнер байқауларына, олимпиадаларға қатысып, жүлделі орын алып жүр.

«Біз ешқашан балаларды бөле-жармаймыз. Бағдарлама өзгеше болғанымен, олар мектеп өмірінің толық мүшесі. Өздерін қоғамның бір бөлігі ретінде сезіну  олардың дамуы үшін ең маңыздысы», – дейді Ләззат Қайратқызы.

Мұғалім сабақтарында балалардың есте сақтау қабілетін арттыру үшін көрнекілік пен тәжірибе жасау, ойын әдістерін, арт-терапия мен шығармашылық тәсілдерді кеңінен қолданады.

«Балалар бәрін қолмен ұстап, өз көзімен көрсе ғана жақсы есте сақтайды. Сол себепті мен сабақты тәжірибе, ойын, сурет салу, құрастыру арқылы өткіземін. Бұл олардың қызығушылығын арттырады», – дейді педагог.

Төрт жылдық тәжірибесінде Ләззат Қайратқызы ерекше балалардың жүрегі өте нәзік екенін айтады.

«Олар өте сезімтал, мейірімді. Бірі үйден тәтті әкелсе, бәрімен бөліседі. Бір-бірін ешқашан ренжітпейді. Кейде осы балалардан өзіміз де адамгершіліктің не екенін үйренеміз», – дейді ұстаз.

Ләззат Қайратқызының сөзінше, ерекше баламен жұмыс істеу  тек білім беру емес, адам жанын тану. Әр сабақта кішкентай жетістік те үлкен жеңіс болып саналады.

«Жүректен шыққан жылылық ерекше балалардың бойына нұр болып сіңеді. Біз үшін олардың әр күлкісі  ең үлкен марапат», – дейді ол жылы жымиып.

Қорытындылай келгенде, Көкшетау қаласындағы №19 мектептегі арнайы сынып инклюзивті білім берудің нақты үлгісі. Ал ұстаз Ләззат Адылованың еңбегі адамға деген шексіз сүйіспеншілік пен мейірімнің көрінісі.