Қоғам

2025 жылы мемлекеттік қызметшілердің кірістері ашық жарияланатын болады

2025 жылы мемлекеттік қызметшілердің кірістері ашық жарияланатын болады

Келер  жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің, депутаттардың, судьялардың және ұлттық компаниялар басшыларының кірістері мен мүліктері ашық жарияланады. Бұл өзгерістер «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 11-бабының 9-тармағына енгізілген жаңалықтар аясында жүзеге асады, - деп хабарлайды Kazface.kz. 

Қазіргі уақытта заң жобасы қоғамдық талқылауға ұсынылған. «А» корпусының саяси мемлекеттік қызметшілері, мемлекеттік әкімшілік қызметшілері, парламент депутаттары, судьялар, квазимемлекеттік сектордағы лауазымды тұлғалар мен олардың жұбайлары 2025 жылдан бастап кірістер мен мүліктері туралы декларация тапсырып, оны ашық жариялауға міндетті болады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі осыған қатысты арнайы бұйрық жобасын әзірлеп, «Ашық НҚА» порталында жариялады.

Мемлекеттік қызметшілер декларацияда келесі ақпараттарды көрсетуі қажет:

1. Шетелде сатып алынған мүлік – түрі, тіркелген елі, құны;
2. Шетелде сатылған мүлік – түрі, тіркелген елі, құны;
3. Шетелдік банктегі шоттар – ақшаның сомасы мен валютасы, банк атауы, орналасқан елі;
4. Жеке меншік мүлік – жылжымайтын мүлік түрі, тіркелген елі, саны, шетелде тіркелген бағалы қағаздар мен цифрлық активтер.

Бұл мәліметтер ашық жарияланып, қоғамның бақылауына беріледі.Құжат жобасы 27 желтоқсанға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылды. 

Бұл бастама мемлекеттік қызметшілердің жұмысына ашықтық әкеліп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге ықпал етеді деп күтілуде.