Жаңалықтар

160 мыңнан астам жетісулық «Таза Қазақстан» акциясына қатысты

160 мыңнан астам жетісулық «Таза Қазақстан» акциясына қатысты

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы Жетісу облысында белсенді түрде ұйымдастырылып, тұрғындар тарапынан зор қолдауға ие болды, - деп хабарлайды KazFace.kz. 

Жетісу облысы жастарының ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы және «Игі істер»  марафоны аясында «Жинаquest» атты экологиялық квест өткізілуде. Шараға белсенді жастар, эковолонтерлер, қала тұрғындары мен қонақтары – жалпы 100 адам қатысты.  

Көксу ауданында да «Таза аула» және «Таза көше» байқауларының қорытынды күні өткізілуде. Республикалық акция аясында жарияланған байқау аталмыш ауданның барлық 10 ауылдық округінде ұйымдастырылған. Ендігі кезекте ауқымды аудандық сенбілік ұйымдастырылып, соңында ең таза көшелер мен таза аулалар анықталды. Ең таза аулаларға арнайы тақтайшалар ілініп, аула тұрғындары бағалы сыйлықтармен марапатталыпты. Көксу аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубай Бәзіловтің сөзінше  бұл тазалық акциясына жастар ғана емес аға буын ардагерлер де қатысыпты.   

«Ел деңгейінде өткізіліп жатқан ауқымды тазалық акциясы – аса маңызды науқан. Жастар ғана емес, аға буын – ардагерлердің, орта буын – ел ағаларының, жас ұрпақтың иық тіресуімен бірге атқарылып жатқан тазалық шаралары туған елге деген шынайы сүйіспеншіліктің дәлелі іспеттес. Көктемнен бері жұмылып жұмыс істегеннің арқасында туған ауылымыз қайта түлеп, жаңа кейіпке енді. Бар игіліктің бастауы – тазалықта. Осыны әр қазақстандық ұғынса деймін», - дейді. 

"Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы бастау алғаннан бері өңір спортшылары айрықша белсенділік танытуда. Әлеуметтік желілер мен интернет-платформаларда спортшылардың өңір тұрғындарын тазалыққа үндеген мотивациялық бейнеролигі кеңінен таралуда. 

«Спортта да, ел табиғатын аялауда да ортақтық бар – екеуінде де жауапкершілік пен патриоттық рух аса маңызды рөл атқарады. Дәл сол себепті біз «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына бірлесіп үлес қосуымыз керек деп есептеймін», - дейді ауыр атлетикадан әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ақмолда Сайрамкез.

Сонымен қатар ағынды Ақсу өзені мен  тұмса табиғатқа ие Жалаңаш көлінің жағалауында 100 адамның қатысуымен тазалық жұмыстары жүргізілуде. Алакөл экосистема қоғамдық бірлестігінің төрағасы Күлдария Бектемісова әр адам өзінен бастағанда ғана игі іс нәтиже береді деп сенім білдірді. 

Атап өтсек, «Таза Қазақстан» акциясы аясында Жетісу облысында жалпы 1183 техника жұмылдырылып, 6337 тонна қоқыс шығарылды, 2226 км арық желісі тазаланды. Сонымен қатар 25 826 м2 автомобиль жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыс аумағында акция кезінде 29 514 түп көшет отырғызылды. Аталған жұмыстар облыстың әр аумағын қамтып, жыл соңына дейін жалғасын таппақ.