12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына іс сапармен барып, табиғат залалынан зардап шеккен аймақты аралады, деп хабарлайды KazFace.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Сондай-ақ, мемлекет басшысы өрт кезінде қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің туыстарымен кездесіп, көңіл айтты. Ол 12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
- Сіздерге көңіл айтуға арнайы келіп отырмын. Бұл - бүкіл халқымыз үшін үлкен қасірет. Орны толмас қайғы екенін түсінемін. Бірақ өмір жалғасады. Бекем болыңыздар. Сіздерге жан-жақты көмек көрсету жөнінде Үкіметке тапсырма бердім. Осы қайғылы жағдайға кінәлілер заң бойынша жауапқа тартылады. Дүйсенбі күнін еліміз бойынша Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаймын, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кету керек, президент 11-13 маусым күндері Вьетнамға ресми сапарын жоспарлаған болатын. Бірақ шұғыл кеңес өткізіп, апаттан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету шараларын қабылдау үшін Абай облысына баратынын хабарлаған. Сонымен қоса, шығыстағы табиғат апаты орын алғалы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинді қызметінен алып тастаған болатын.
Еске сала кетейік, 8 маусым күні Семей орман резерватынан өрт шықты. Төтенше жағдайдың алғашқы сәтінен бастап өрт сөндірушілер мен құтқарушылар жұмысқа кірісіп, міндетін атқарып келеді. Алапат өрттің ауқымына байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды.