1 қаңтардан бастап полицейлердің қызметтік формасы ауысады
2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап полицейлердің қызметтік формасы ауысады. Оны алғашқы болып патрульдік полиция жасақтары мен инспекторлар киеді. Өзгерістерге бюджеттен қаржы бөлінбеген. Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Saryarqanews.kz
"Біз форманы бекіттік, биыл күзде таныстырып, БАҚ-та көрсеттік. Бірінші кезекте форманы "Еңбек" РМК тігеді. Бұл кәсіпорында бас бостандығынан айыру орындарында 1200-ге жуық тігін орны бар. Біріншіден, бұл жұмыспен қамту, екіншіден, өнімнің өзіндік құнына әсер етеді. Әрине, олар бәрін бір күнде тігіп бітіре алмайды, сол себепті біз конкурс құжаттамасын, мемлекеттік сатып алуларды ескеріп, форма 2022 жылдың 1 қаңтарында дайын болады деп болжап отырмыз", - деді Тұрғымбаев.
Қазақстан өңірлеріне жаңа форма, ең алдымен, патрульдік полицейлер мен инспекторлар үшін жеткізіледі.
Министр құқық қорғау органдарының қалған қызметкерлері ескі формамен жүретінін, жаңасына біртіндеп көшетінін атап өтті. Екі жыл ішінде бүкіл полицей жаңа форма киеді.