1 млн адам кедей: Елімізде тойып тамақ ішу мұң болып барады
Бәлкім, бұл тым-тым асыра сілтеу болып көрінетін шығар, бірақ, «шындықтан қаша алмайсың» демекші, жан-жақты жүргізілген зерттеу сөзімізге дәлел бола алады, деп жазады Ulysmedia.kz порталы.
Бірден негізгі азық-түлік өнімдерінің тізбесінен бастайық. Мысалы, жағдайы нашар ең төменгі 10% халықтың қатарына жататын бір адам көкөніс, жеміс-жидек, ет, ет өнімдері, жұмыртқа, сүт, сүт өнімдері, тіпті картопты да ғылыми негізделген физиологиялық нормадан анағұрлым аз алады. Шамамен, тәтті мен нанды ғана мөлшерге жақынырақ жейді. Ал қалыпты шамадан... асырғанды былай қойып, жеткізіп тұтынатын өнімі жоқ.
Енді ауқатты 10% халықтың ішінен бір кісіні алып қарайық. Ол нан және нан өнімдері, ет және ет өнімдері, сүт және сүт өнімдері, май және тоңмай, балық және теңіз өнімдері, сонымен бірге тәтті мен жұмыртқаны да нормадан асырып тастайды. Тек көкөніс, жеміс-жидек және картопты қалыптан азырақ алады екен.
Ескерту. Кестеде аз қамтылған бір және ауқатты бір адамның дерегі негізге алынды, олардың біреуі жағдайы төмен халықтың төменгі 10%-ы, ал екіншісі ауқатты 10%-ының қатарынан саналады. Кесте ұлттық статистика бюросының 2022 жылдың бірінші тоқсаны бойынша қорытындысы мен Ls ақпарат порталы анықтаған мәліметтерге және ғылыми негізделген физиологиялық нормаға сүйене отырып әзірленді.
«БИЛІК АШЫП АЙТПАЙДЫ». КЕДЕЙЛЕР САНЫ 1,5 МЛН-ҒА ЖЕТУІ МҮМКІН
Бір қызығы, былтыр, пандемия бар, бірақ геосаяси шиеленіс жоқ 2021 жылдың бірінші тоқсанында, халық осы аталған өнімнің барлығын дерлік қазіргіден біршама көп тұтынған. Мәселен, жағдайы төмен бір адамға тәттілер 5,2%, балық және теңіз өнімдері 0,8%, май және тоңмай 4,4%, жұмыртқа 0,7%, картоп 3,6%, көкөніс 5,1%, сүт және сүт өнімдері 6,8%, ет және ет өнімдері 4,9%, нан және нан өнімдерінің үлесі 2,9% артық тиген. Жеміс-жидек қана қазіргіден 7,5% азырақ болған.
Негізгі деп саналатын тағамдарды тұтыну көрсеткіші 2010 жылдан бері болар-болмас көрсеткішпен жоғарылап келе жатқан... Бірақ былтыр 2018, 2019 және 2020 жылғы деңгейіне жетпей, құлдилай кетті. «Тойып тамақтанбау (аштық) қаупі бар» деп есептелетін халықтың үлесі, 2020 жылғы есеп бойынша, 4,4% құрады.
Ресми дерекке көз жүгіртсек, елде 1 млнға жуық адам кедей. Олардың, яғни отбасындағы айлық табысты жан басына шаққанда күнкөріс деңгейінен төмен болады: айына 38 мың теңгеден аз айналады. Ал адам басына айына, шамамен, 70 мың теңгеден үлес тиген болса, ондай оның жағдайы біршама жақсы деп қаралады. Дегенмен, мұнымен енді көп адам келісе қоймасы анық, деп ойлаймыз.
Кейбір экономист пен саясаткерлер шынайы кедейлік көрсеткіш әлдеқайда көп болуы мүмкін дегенді айтады. Себебі нақты сандарды ашу билікке тиімсіз: жүдеу ел неғұрлым көп болса, әлеуметтік шығындарды көбейту қажеттілігі туындайды. Сонымен бірге «дамыған 30 елдің ішіне кіреміз» деген билік мақсаты күл-талқан болып, елдің беделіне теріс әсер етеді.
Дүниежүзілік банктің анықтауынша, жақын арада елдегі кедейлер саны 1,5 млн-ға жетуі кәдік.
ТАМАҚТЫ НОРМАДАН АЗ ЖЕУ ДЕГЕН НЕНІ БІЛДІРЕДІ?
Тамақтанудың физиологиялық нормасы деген – ғылыми негізделген және заңмен бекітілген қоректің мөлшері. Демек, барлық дені сау адамға қажетті, энергиясын қалпында ұстайтын биологиялық пайдалы заттар. Адамның барлық әрекеті, биохоимиялық процесі қажетті мөлшер ағзаға түскенде оңтайлы жүзеге асады.
Дұрыс тамақтанбау салдары бірден байқалмағанымен, уақыт өте келе сыр бере бастайды. Тіпті қатты аш жүру нәрлі заттардың бойға даруына кедергі болады. Құнары бойға сіңу үшін де ұдайы пайдалы тағамдар жеп тұру керек. Тұрақты тамақ ішпеген адамның ағзасы қашан асқазан сөлін бөлу керегін білмей, соңы асқазан, ішек ауруларына апарып соғады.
ЖЕТІСТІКТЕРІМІЗ КЕМШІЛІКТЕРДІ ЖАСЫРЫП ТҰР
Дүниежүзілік банктің Қазақстан экномикасын қысқаша шолуына сүйенсек, қаңтар оқиғасынан кейін адам әлеуетін арттыру, өмір сүру деңгейін жақсарту, еңбек өнімділігінің тоқырауына қарсы күрес және төмен көміртекті экономикаға көшуді жеделдету үшін билікке реформа жасау қажет болды.
«Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан экономикасы айтарлықтай өсті. Құрылымдық реформалар, мол көмірсутек ресурстары, жоғары ішкі сұраныс және тікелей шетелдік инвестициялар кедейлік деңгейін төмендетуге ықпал етіп, елді табысы орташадан жоғары экономикаға айналдыруға көмектесті.
Алайда елде осалдық пен прогресс біркелкі емес, мұны жоғарыдағы жетістіктер жасырады. Баяу өнімділік, мүлік теңсіздігі, қымбатшылық, жұмыс орындарының жетіспеуі және әлсіз институттар негізгі сын-қатер болып саналады. Бұл аталған қиындықтар COVID-19 пандемиясы тұсында одан сайын күрделенді, сонымен бірге биыл қаңтарда ел тарихындағы ең үлкен наразылыққа әкеп соқтырды», - деп жазылған шағын зерттеуде.
Ресей экономикасының құлдырауы да Қазақстанға өнім жеткізуді қиындатты, экономикалық өсу перспективалары нашарлады. Биыл, 2022 жылы нақты ЖІӨ өсімі 1,5-2%-ға дейін баяулайды деп күтіледі.
P.s. Жоғарыда аталған жағдайлар, ең әуелі, азық-түлік қауіпсіздігі – ұлт қауіпсіздігі екенін аяқ асты есімізге салды. Қант тапшылығы мен бағасының өсуі, өзге де тауарлардың қымбаттауы қоғамды дүрліктіріп жіберді. Барды экспорттап, жоқты импорттап ала берудің көресісін көріп жатырмыз. Жыл басынан бері ешбір өнімнің арзандағаны байқалмайды.