Тәуелсіздікке 35 жыл: егемен елдің қалыптасу жолы мен тарихи жетістіктері — Kazface.kz
Жаңалықтар

Тәуелсіздікке 35 жыл: егемен елдің қалыптасу жолы мен тарихи жетістіктері

Тәуелсіздікке 35 жыл: егемен елдің қалыптасу жолы мен тарихи жетістіктері

2026 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігіне 35 жыл толады. Осы кезеңде еліміз саяси тұрғыдан қалыптасып, халықаралық аренада өзіндік орны бар, дербес шешім қабылдайтын мемлекетке айналды. Кезінде әлем картасында жаңадан пайда болған Қазақстан бүгінде халықаралық қатынастардың толыққанды субъектісі, экономикалық әлеуеті қалыптасқан және өзіндік даму бағытын айқындаған ел ретінде танылды.

Тәуелсіздік – бір күнде қол жеткізілген тарихи оқиға ғана емес, мемлекеттілікті қалыптастыруға бағытталған күрделі кезеңнің бастауы. 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңның қабылдануы халқымыздың ғасырлар бойғы азаттық арманын жүзеге асырды.

Алайда тәуелсіз мемлекет құру үдерісі одан бұрын басталған еді. 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларация елдің саяси-құқықтық дербестігінің негізін қалады. Онда аумақтық тұтастық, республикалық заңдардың үстемдігі және ішкі-сыртқы саясатты дербес жүргізу қағидаттары бекітілді. Осылайша, декларация мен Тәуелсіздік туралы заң Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуындағы өзара сабақтас тарихи кезеңдерге айналды.

Халықаралық деңгейде танылған тәуелсіз мемлекет

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдар Қазақстан үшін жаңа мемлекеттік жүйені қалыптастыру кезеңі болды. Ел алдында басқару институттарын құру, шекараны бекіту, құқықтық жүйені қалыптастыру, дербес экономика мен сыртқы саясатты дамыту міндеттері тұрды.

1992 жылғы 2 наурызда Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының толыққанды мүшесі атанды. Бұл еліміздің халықаралық қоғамдастыққа дербес мемлекет ретінде қосылғанын білдіретін маңызды тарихи оқиға еді. 1991–1994 жылдар аралығында әлемнің 111 мемлекеті Қазақстан Республикасын танып, 92 елмен дипломатиялық қатынас орнатылды.

Сол кезеңде мемлекеттік рәміздер қабылданып, ұлттық валюта – теңге айналымға енгізілді. 1992 жылғы 4 маусымда Мемлекеттік Ту мен Елтаңба бекітілсе, 1993 жылғы 15 қарашада төл теңгеміз қолданысқа енді. Бұл қадамдар саяси тәуелсіздікті экономикалық және институционалдық дербестікпен бекітуге мүмкіндік берді.

Қазақстанның халықаралық беделін қалыптастыруда ядролық қарусыздану саясатының да орны ерекше. Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы және ядролық қарудан бас тарту жөніндегі шешім еліміздің бейбітшілік пен жаһандық қауіпсіздікті қолдайтын мемлекет ретіндегі ұстанымын айқындады.

Мемлекеттілікті нығайту және экономикалық даму

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары экономикалық қиындықтармен, өндірістік байланыстардың үзілуімен және нарықтық қатынастарға көшу қажеттілігімен тұспа-тұс келді. Қазақстан жаңа экономикалық жүйенің негізін қалыптастырып, халықаралық инвестиция тартуға, өндіріс пен кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған реформаларды жүзеге асырды.

Мемлекеттік институттар қалыптасып, ұлттық заңнама жүйесі құрылды. 1995 жылы Конституция қабылданып, елдің саяси-құқықтық дамуының негізгі қағидаттары бекітілді. Ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім 1994 жылы қабылданып, 1997 жылғы 10 желтоқсанда ресми түрде жүзеге асырылды. Кейін Астана елдің әкімшілік, саяси және іскерлік орталығына айналды.

Осы жылдар ішінде өнеркәсіп, мұнай-газ саласы, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік-логистика және қызмет көрсету бағыттары дамыды. Шағын және орта бизнес экономиканың маңызды бөлігіне айналып, халықаралық экономикалық байланыстар кеңейді.

Мемлекет басшысы 2026 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында осы даму жолының нәтижелеріне тоқталды. Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, биыл еліміздің жалпы ішкі өнімі 400 миллиард долларға жуықтайды. Жан басына шаққандағы көрсеткіш 19 мың доллардан асады. Экономика көлемі бойынша Қазақстан әлемде 47-орынға көтеріледі деп күтілуде. Өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 14 пайыздан асқан. Алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің жиынтық көлемі 130 миллиард доллардан жоғарылаған.

Бұл көрсеткіштер тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан экономикалық әлеуетті көрсетеді. Дегенмен президент атап өткендей, экономиканы әртараптандыру, өндірісті дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыру қажет.

Жаңғыру кезеңі және болашаққа бағдар

Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан тарихы – үздіксіз жаңғыру мен өзгерістер тарихы. Бүгінде еліміз саяси жүйені жетілдіру, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтардың қоғамдық өмірге қатысу мүмкіндігін кеңейту бағытында жаңа кезеңге қадам басты.

Мемлекет басшысы Жолдауында 2026 жылғы наурызда қабылданған жаңа Конституцияны мемлекеттіліктің негізгі тірегі ретінде атап өтті. 1 шілдеден бастап заңды күшіне енген Ата Заң елдің саяси жүйесін жаңғыртуға және жаңа мемлекеттік институттарды қалыптастыруға негіз болды.

Сонымен қатар президент елдің алдағы дамуындағы басымдықтарды айқындады. Атап айтқанда, 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бағыттау арқылы ауқымды инфрақұрылымдық жаңғыруды жүзеге асыру көзделіп отыр. «Халықтық құрылыс» бастамасы аясында әлеуметтік нысандар салынып, көлік және инженерлік инфрақұрылым жаңғыртылады. Экономикалық өсімнің нақты нәтижесі азаматтардың тұрмыс сапасынан көрінуі тиіс.

Қазіргі жаһандық тұрақсыздық жағдайында ішкі бірлік пен қоғамдық келісімді сақтау, ұлттық мүддені қорғау және экономикалық дербестікті күшейту ерекше маңызға ие.

Тәуелсіздік – ұрпақ алдындағы жауапкершілік

35 жыл – Қазақстанның әлемдік қауымдастықтағы орнын айқындап, мемлекеттілігін нығайтқан тарихи кезең. Осы уақыт ішінде еліміз халықаралық деңгейде танылып, дербес саяси және экономикалық бағыт ұстанатын мемлекет ретінде қалыптасты.

Алайда тәуелсіздіктің мәні өткен жетістіктермен ғана өлшенбейді. Оның шынайы құндылығы – келесі ұрпаққа тұрақты, қауіпсіз және өркендеген ел қалдыру.

Бұл үшін білім мен ғылымды дамыту, жаңа технологияларды енгізу және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажет.

Президент жолдауында да осы тарихи жауапкершілікке ерекше мән берілген. Бүгінгі буынның міндеті – кейінгі ұрпаққа қуатты экономикасы, дамыған инфрақұрылымы, жоғары технологиялары және заң үстемдігі орныққан мемлекет аманат ету.

Тәуелсіздікке 35 жыл толуы – ел тарихына көз жүгіртіп, алдағы даму бағытымызды бағамдайтын маңызды белес. Өйткені тәуелсіздік – бізге берілген тарихи мүмкіндік қана емес, оны келешек ұрпаққа аман жеткізу жауапкершілігі.