Мектептегі жаңа ережелер күшіне енді
21 қарашада Қазақстанда мектеп жасындағы балаларды есепке алу және буллингтің алдын алу тәртібіне енгізілген жаңартулар күшіне енді. Тиісті ережелерді ҚР оқу-ағарту министрлігі бекітті, деп хабарлайды KazFace.kz.
Құжатқа сәйкес, жергілікті білім басқару органдары нөлден 18 жасқа дейінгі мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларды орта білім алғанға дейін бірыңғай базаға тіркеуді қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар жүйеде оқушылардың сабаққа тұрақты түрде қатыспау деректері де көрсетіледі.
Аталған мәліметтер полиция органдарымен келісіліп, ай сайын 10-ына дейін Ұлттық білім беру деректер базасына енгізіледі.
Оқушы сабақтан қанша күн себепсіз қалса, шара қолданылады?
Егер оқушы бір ай ішінде дәлелді себепсіз төрт немесе одан да көп күн сабаққа қатыспаса, мектеп оның педагогикалық сүйемелдеу мәселесін қарастыруы тиіс.
Бұл туралы шешімді мектептің профилактика кеңесі қабылдайды. Кеңес жұмысына оқушының өзі, ата-анасы немесе заңды өкілдері де қатысады. Мұндай тәртіп педагогикалық сүйемелдеу қағидаларында белгіленген.
Жаңартылған ережелерге сәйкес, буллинг фактілері туралы түскен ақпаратты білім беру органдары енді бір жұмыс күні ішінде тіркеуге міндетті.
Бұдан бөлек, мектептер буллингтен зардап шеккен балаға психологиялық қолдау көрсетуі керек.
ҚР ІІМ ювеналды полициясының мәліметінше, жыл басынан бері елімізде балалар арасындағы буллингтің 355 фактісі анықталған.