Ақмолалық спортшы – Азия чемпионы — Kazface.kz
Репортаж

Ақмолалық спортшы – Азия чемпионы

Ақмолалық спортшы – Азия чемпионы

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

Ақмола облысының спортшысы Төлебай Арман Таиландта өткен Азия чемпионатында топ жарып, алтын медаль иеленді. Ол халықаралық додада Қазақстанның намысын абыроймен қорғап, құрлықтың үздік спортшыларының бірі екенін дәлелдеді.

Таиландтың Паттайя қаласында ерлер арасында қоян-қолтық ұрыстан Азия чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеге 23 елден 240 спортшы қатысып, құрлықтың үздіктері өзара мықтыны анықтады. 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен ақмолалық Арман Төлебай барлық қарсыласынан басым түсіп, чемпион атанды.

Арман Төлебай – ZHAS DINAMO TEAM қоян-қолтық ұрыс клубының спортшысы, сондай-ақ Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының үшінші курс курсанты. Оның жаттықтырушылары – Д.С. Қасымов пен Ж.О. Жантасов.

Жас спортшының бұл жеңісі – көп жылғы еңбектің, табандылық пен жүйелі дайындықтың нәтижесі. Ол спорттағы жолында бірнеше мәрте республикалық және халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп келеді.

Атап айтқанда, 2026 жылдың қазан айында Түркияның Бурса қаласында өткен Әлем кубогында жүлдегер атанса, сол жылдың мамыр айында Астанада курсанттар арасындағы Қазақстан чемпионатында топ жарды. Сонымен қатар 2024 жылы Щучинск қаласында армиялық қоян-қолтық ұрыстан ел чемпионы атанды. 2021 жылы Қырғызстанда өткен «Қырғызстан маржаны» халықаралық турнирінде жеңіске жетіп, Номад ММА бойынша Азия біріншілігінде жүлдегер болған.

Арманның қоржынындағы тағы бір айтулы жетістік – Р. Мұқанов атындағы халықаралық турнирдегі чемпиондық атағы. Ол аталған жарыста 2021 және 2026 жылдары үздік нәтиже көрсетті.

«Азия чемпионы атану – мен үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Бұл жеңіске жету жолында көп еңбек пен дайындық болды. Әрбір жаттығу, әрбір жарыс мені шыңдай түсті. Маған қолдау көрсеткен жаттықтырушыларыма, командам мен жанкүйерлеріме алғыс айтамын. Ең бастысы, ел намысын абыроймен қорғап, Қазақстанның көк туын биікте желбірету. Алдағы уақытта да бұдан да жоғары жетістіктерге жету үшін бар күшімді саламын», – дейді Арман Төлебай.

Айта кетейік, Таиландтағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы да жоғары нәтиже көрсетіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды.

Арман Төлебайдың Азия чемпионы атануы – Ақмола облысының спорт саласындағы жетістіктерінің тағы бір жарқын көрінісі. Ол өзінің табандылығы мен еңбекқорлығы арқылы жас спортшыларға үлгі болып, ел намысын халықаралық аренада абыроймен қорғап жүр.