Қазақ халқы ғасырлар бойы мәдени мұрасын көзінің қарашығындай сақтап келеді
Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Қазақ отбасында қонақты құр қол қарсы алу сирек кездеседі. Ұзақ жолға шыққан адам үлкендердің батасын алады, ал баланың алғашқы қадамы арнайы салтпен атап өтіледі. Бүгінде күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналған осындай дәстүрлердің астарында ғасырлар бойы қалыптасқан халықтың өмір салты, дүниетанымы мен тағылымды тәжірибесі жатыр. Көшпелі өмір сүрген қазақ халқы бір-біріне сүйенуді, ағайын арасындағы байланысты нығайтуды және ұрпақтан-ұрпаққа өнеге қалдыруды басты құндылық санаған. Уақыт өте келе тұрмыс қажеттілігінен туындаған көптеген ғұрыптар ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналды.
Ұлы дала төсінде қонақжайлық жай ғана ізеттіліктің белгісі емес, өмір сүру салтының маңызды қағидасы болды. Бір елді мекеннен екіншісіне жету үшін жолаушы бірнеше күн жол жүруі мүмкін еді. Сондықтан жол үстіндегі адамға ас беру, тынығуына жағдай жасау және қажет болса көмектесу әр отбасының парызы саналды. «Қонақасы» дәстүрі бойынша үй иесі келген мейманға дастарқан жайып, барын ұсынған. Ал «сыбаға» туысқа немесе жақын адамға арнайы сақталған кәделі ас үлесін білдірген. «Ерулік» дәстүрі де ел ішіндегі татулықты нығайтуға бағытталды. Жаңа қоныстанған көршілерді қонаққа шақырып, ауыл тұрғындарымен таныстырған. Осылайша, олар жаңа ортаға тезірек сіңісіп, елмен етене араласқан.
Қазақ халқы ата-баба тарихы мен әулет шежіресіне де ерекше мән берген. Шежірені білу адамның өз тегін тануына, туыстық байланысты түсінуіне және отбасы тарихын ұмытпауына мүмкіндік берген. Бұл деректер ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жеткізіліп, үлкендерден жастарға аманатталған. Мұнда бірнеше буынның атын жаттап алу ғана емес, шыққан тегіңді, ата-бабаңның кім болғанын және әулетіңнің тарихын білу маңызды саналған.
Сәби дүниеге келген сәттен бастап оның өмір жолына қатысты түрлі салт-дәстүрлер орындалған. Бала тәй-тәй басқанда «тұсаукесер» рәсімі жасалып, аяғына байланған ала жіп қиылған. Бұл баланың қадамы нық болып, өмір жолында сүрінбей, кедергілерді еңсеруіне деген ақ тілектің белгісі. Ал үйлену тойында өткізілетін «беташар» рәсімі жас келінді күйеуінің туыстарымен таныстыруға арналған. Салтанатты рәсім барысында жақындарының есімдері аталып, келін оларға иіліп сәлем салған. Тағы бір тағылымды дәстүрдің бірі – «бата беру». Үлкендер жолға шығарда, жаңа іс бастағанда немесе отбасылық қуаныш кезінде ақ батасын беріп, ізгі тілегін білдірген. Халық ұғымында ақ бата адамның жолын ашып, өміріне жақсылық әкеледі деген сенім қалыптасқан.
Өткен тарихтың өнегесін тек қариялар ғана жеткізген жоқ. Қазақ даласының шежіресі күй өнері арқылы да сақталып, бүгінге жетті. Домбыраның қоңыр үні мерекелерде, отбасылық басқосуларда және ел өміріндегі маңызды оқиғаларда орындалған. Ал күйлер сөзсіз-ақ талай тарихи оқиғаны, адам тағдырын баяндай алған. Соның бірі – «Ақсақ құлан» күйі. Бұл шығармада Жошы ханның ұлының қазасы туралы айтылады. Белгілі аңыз бойынша, ханға қаралы хабарды ешкімнің батылы жетіп жеткізе алмағандықтан, қайғылы оқиға күй арқылы баяндалған. Күйді тыңдаған хан болған жайды түсінген деседі. Мұндай шығармалар тыңдаушының көңілін көтерумен ғана шектелмей, ел тарихын, адам тағдырын және халықтың жан дүниесін ұрпақ жадында сақтауға қызмет еткен.
Көшпелі тұрмыстың ерекшелігі баспананың құрылысынан да айқын көрінеді. Киіз үйді тез жинап, көш кезінде басқа жерге тасымалдап, қайта тігуге болатын. Оның негізгі бөліктері – кереге, уық және шаңырақ. Үйдің іші текемет, сырмақ, алаша секілді киіз және тоқымалы бұйымдармен безендірілген. Сандықтар мен тұрмыстық заттар да үй ішінен өз орнын тапқан. Бұл бұйымдар баспананың сәнін келтіріп қана қоймай, жылуды сақтауға да көмектескен. Кілемдер мен басқа да қолөнер туындыларындағы ою-өрнектердің әрқайсысы өзіндік мәнге ие болған. Шебер аналар мен әжелер бұл өнерді кейінгі ұрпаққа үйретіп, дәстүр сабақтастығын жалғастырған. Бүгінде ұлттық ою-өрнектерді киім үлгілерінен, сөмкелерден, әшекей бұйымдардан және заманауи интерьерлерден жиі кездестіруге болады.
Ұлы дала өмірінде мерекелер мен ұлттық ойындардың да орны ерекше болды. 21–23 наурыз аралығында атап өтілетін Наурыз мейрамы туыстармен қауышудың, өкпе-ренішті ұмытып, татулықты нығайтудың және ізгі тілектер айтудың мерекесі саналған. Бұл күндері жеті түрлі дәмнен әзірленетін наурызкөже дайындалып, көрші-қолаң бір-бірінің үйіне қонаққа барған. Дастарқан жайылып, ақ тілектер айтылып, дәм ұсынылған. Ең бастысы, мереке күндері ешкім назардан тыс қалмай, әр адамға құрмет көрсетілуі керек болған.
Балаларды жастайынан ұлттық ойындарға баулуға да ерекше көңіл бөлінген. «Асық ату» ойынында ойыншы сақамен басқа асықтарды көздеп, дәлдік пен қимыл үйлесімділігін шыңдаған. Ал «тоғызқұмалақ» ойыны қатысушыларды бірнеше жүрісті алдын ала есептеуге, ойлануға және стратегиялық шешім қабылдауға үйреткен. «Қазақ күресі» болса, күшті, ептілікті және тепе-теңдікті сақтай білуді талап еткен. Бір қарағанда қарапайым көрінетін бұл ойындардың астарында күнделікті өмірде қажет болатын қасиеттерді қалыптастыру мақсаты жатқан.
Бүгінде осы дәстүрлердің біразы Қазақстан шекарасынан тыс жерлерге де кеңінен танылды. ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне домбырамен күй орындау өнері, асық ойыны, тоғызқұмалақ, беташар рәсімі, Наурыз мейрамы және киіз үй жасауға қатысты дәстүрлі білім мен дағдылар енгізілген. Бұл халықаралық деңгейдегі мойындау қазақ халқының ғасырлар бойы сақтап, бүгінгі ұрпаққа жеткізген мәдени мұрасының құндылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Сонымен қатар дәстүрлер тек мерекелер мен мәдени іс-шаралар кезінде ғана жаңғыртылып қоймайды. Ата-аналар балаларына тұсаукесер жасап, үлкендер маңызды қадам алдында ақ батасын береді. Отбасылар ортақ дастарқан басына жиналып, жас музыканттар домбыра тартуды үйреніп жүр. Ұлттық ою-өрнектер заманауи киім топтамаларында көрініс тауып, тоғызқұмалақ пен асық ойындары мәдени және спорттық өмірдің бір бөлігіне айналды. Осылайша, ата-бабадан қалған асыл мұра өткеннің естелігі ретінде ғана сақталмай, күнделікті өмірде жалғасын тауып келеді. Өйткені дәстүр – ұрпақтар арасындағы рухани байланысты нығайтып, халықтың болмысын айқындайтын баға жетпес құндылық.