Судья Боқаев адвокаттарының әрекетін құқығын асыра пайдалану деп бағалады — Kazface.kz
Жаңалықтар

Судья Боқаев адвокаттарының әрекетін құқығын асыра пайдалану деп бағалады

Судья Боқаев адвокаттарының әрекетін құқығын асыра пайдалану деп бағалады

Санжар Боқаевтың ісін қарап жатқан судья Жанат Әбенова қорғаушылардың әрекетін процестік құқықтарды асыра пайдалану және сот төрелігіне кедергі келтіру ретінде бағалады. Бұл туралы сот отырысы барысында белгілі болды, деп хабарлайды KazFace.kz

Сот отырысы кезінде прокурор айыптау тарапының куәгері Ақылбек Хамракуловқа қатысты бейнежазбалар мен полиция рапортын ұсынған. Кадрлардан оның Боқаевтың туыстары және адвокаттар Алма Мусина, Радмир Өтепов пен Ғалымжан Жолдасбаевтың ортасында бір сағаттан астам уақыт болғаны көрінеді.

Сондай-ақ полиция Хамракулов мінген таксидің Қаскелеңге қарай жолға шыққанын, алайда оның жолақысын төлемей, көліктен түсіп кеткенін анықтаған. Таксиге тапсырыс Боқаевтың туған әпкесі мен екінші фигурант Мадияр Қалменовтің анасының телефон нөмірлерінен берілген.

Осы материалдар көрсетілгеннен кейін қорғаушылар сот залынан шығып кеткен. Төрағалық етуші судья үзіліс жариялап, кейін залға қайта оралған адвокаттарға ескерту жасады.

Жанат Әбенованың айтуынша, бұған дейін де қорғау тарапы сот процесін созуға бағытталған әрекеттерге барған. Атап айтқанда, судьяға бірнеше рет қарсылық білдіріліп, Боқаев тіс дәрігеріне қаралғаннан кейін және сотқа қатысуына кедергі жоқ деген медициналық анықтама болғанына қарамастан, отырысты жалғастырудан бас тартқан.

«Сот талқылауы барысында қорғаушылар мен айыпталушылар бұған дейін жалған негіздер бойынша сегіз рет қарсылық білдірді. Сот олардың барлығын қарастырып, тиісті процестік баға берген. Қарсылық білдіру адвокаттардың өз бетімен сот залын тастап, шығып кетуімен қатар жүрді. Бұл іс жүзінде қорғау міндетінің тоқтатылуына әкеп соқты», – деді судья.

Ол қорғау тарапының өтінішхат беруге, қарсылық білдіруге  және сот шешімдерімен келіспеген жағдайда шағымдануға құқығы бар екенін атап өтті. Алайда мұндай құқықтар сот процесінің қалыпты өтуіне кедергі келтірмеуі тиіс.

Судья жаңа мән-жайлар болмаған жағдайда қайта-қайта қарсылық білдіруді және сот залынан өз бетінше шығып кетуді сот тәртібін бұзу, кәсіби міндеттерді тиісінше орындамау әрі процестік құқықтарды асыра пайдалану деп бағалады.

Сонымен қатар Жанат Әбенова қорғаушыларға сот талқылауын созуға бағытталған әрекеттер қайталанған жағдайда тиісті салдарлар туындайтынын ескертті. Алдағы уақытта дәлелдемелерге қатысты барлық ескертулер, қарсылықтар мен өтінішхаттарды жазбаша түрде беруді ұсынды.